Мерекелік концерт театрландырылған көрініспен басталды. Сахнадан Хан Жәңгірдің ұлттық мүдде, асқақ арманы Баян етілді. Концерттік бағдарлама Түркештің «Көңілашарынан» бастау алды.

Бөкейлік талант күйші Есел Қазиевтің немересі Асылхан Қазиев дирижерлік еткен аудандық халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Карл Джейнкейнстің «Палладиосын» да бабына келтіріп орындады. Оркестр орындаған Дәулеткерейдің "Құдашасын", Құрманғазының "Сарыарқасын", Нұрғисаның "Махамбеттің" көрермен қауым қиқуын қоса отырып, зор ықыласпен тыңдады.

Концертте әуезді әндері ел аузында жүрген Т. Шәміловтің, Х.Әлесовтің, Б.Ғабдуллиндердің әндері орындалды. Үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблі мен ханордалық үлгілі «Сымбат» би ансамблінің бишілері кештің көркін мың бұралған билерімен айшықтай түсті.
Анар Артықбай
Суретке түсірген Әділет Абдиров,
Бөкей ордасы ауданы
