Бөкей ордасы ауданының 225 жылдығы – ел тарихын жаңғыртып, өткеннен тағылым алатын айтулы белестердің бірі. Мерейтой аясында Хан ордасы ауылына кешелі-бері алыс-жақыннан қонақтар легі келуде. Салтанатты іс-шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ел тарихына бейжай қарамайтын зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, тарихшылар, ардагерлер Хан зираты пантеонына зиярат етті.

Айта кетсек, Хан зиратында Жәңгір ханның жақын туыстары мен жақын туыстары жерленген. Сондай-ақ Дәулеткерей Шығайұлы мен Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері орналасқан. Қорым Хан ордасы ауылынан шамамен төрт шақырым жерде орналасқан.

Тағылымды шара қонақтары мен тұрғындар марқұмдардың рухына құран бағыштап, тарихи тұлғаның ел дамуына қосқан үлесін айтты. Жәңгір ханның есімі Бөкей ордасының тарихымен ғана емес, қазақ даласындағы ағарту, білім және мәдениет салаларының дамуымен де сабақтас. Жәңгір хан тұсында Хан ордасы білім мен мәдениеттің маңызды орталығына айналды. Оның бастамасымен елімізде алғаш мектеп, дәріхана, баспахана және тағы басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді. Хан кесенесі ақ ұлутаспен қапталған биік күмбезді ғимарат.

Хан зираты пантеоны туралы ақпаратты Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мезейінің қызметкері баяндады.

Жиын соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Хан ордасы ауылына, қорым маңына әлі де тарихи-археологиялық зерттеу жүргізу қажеттігін айтты. Өйткені Жәңгір ханның ұрпақтары мен жұбайларының, сенімді серіктерінің қорымдары құм көшінде қалғанын, олардың сүйектері табылса, ДНК-сымен анықтауға болатынын жеткізді.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»