Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жаңақала ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берер бірқатар маңызды шараларға қатысты.
Жаңақала ауданы бойынша апатты тұрғын үй санатында 52 азамат есепте тұрса, биыл соның 21-ін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
Жаңақала ауылында 14 отбасы қуанышқа кенеліп, заманауи талапқа сай салынған жаңа үйлердің иесі атанды. Аумағы 81 шаршы метрді құрайтын бұл баспаналар таза сумен, электр жарығымен және табиғи газпен толық қамтамасыз етілген. Тұрғындар Алпамыс Көшкінбаевқа алғыстарын білдіріп, ауданның дамуына қосып жатқан үлесін тілге тиек етті.
Ел ішіндегі «Еңбек бар жерде – береке бар» деген аталы сөздің нақты дәлелі Жаңақазан ауылында көрініс тапты. Мұнда «Жаңақала-Ет» комбинаты өз жұмысын бастаған болатын.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы жаңадан іске қосылған өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен, өңдеу барысымен және кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Мұнда жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын ғимараттың 90 шаршы метрі арнайы мұздатқыш бөлмелерге арналған. Қалған аумағында киік пен қой етін өңдеу, сұрыптау және қаптау жолға қойылған.
Ауылдың еңсесін көтеріп, руханиятын байытатын маңызды оқиға Сарыкөл елді мекенінде жалғасты. Мұнда Нариман Төреғалиұлының қатысуымен заманауи үлгідегі жаңа Мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті. Санитарлық және мәдени талаптарға сай салынған бұл нысанның ашылуы ұлттық дәстүр мен өнердің нағыз мерекесіне айналды. Жиын барысында жас өнерпаз балалар күмбірлеген домбырамен күй төгіп, ауылдың ақжаулықты әжелері ізгі тілекпен шашу шашты. Айта кету керек, бұл – облысқа қарасты ауылдарда ашылып жатқан 16-шы мәдениет үйі. Мұнда тұрғындар үшін шағын кітапхана да орналасқан. Бүгінде бұл руханият ошағы 250-ден астам тұрақты оқырманға қызмет көрсетіп, ауыл халқының білімін шыңдауға, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Айгерім Төлепова,
Жаңақала ауданы