Аудан орталығында болған «Батамен ел көгерер» атты батагөйлер арасындағы байқауға Переметный, Достық, Дариян, Байқоныс, Көшім, Атамекен ауылдық округтарынан келген қариялар қатысты.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, қатысушылар өзін-өзі таныстырып, дайындап келген баталарын беріп және билетте жазылған тақырыпта бата айтып сынға түсті. Жалпы қатысушылар ел бірлігі, туған жер, еңбек, қанағат, дін, тіл бағыттарында және балаға, жас жұбайларға, сапарға шығатын адамға, дастарханға арналған баталарын берді.

Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімімен дарияндық Құрман Ассауп үздік деп танылып, облыстық байқауға жолдама алды. Қалған жүлделі орындарды аудан орталығының намысын қорғаға Серік Абдесов пен Достық ауылдық округінен келген Әнес Әбдікәрім еншіледі.

Сайыс соңында Құрман Ассауп атап өткендей, ол 23 жасынан бастап әкесінің айтуымен бата жаттай бастаған. Бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан ол елуден аса бата біледі. «Бата білген адамның бағы жанады» деді Құрман ақсақал.
Гүлхан Нұрқат,
Бәйтерек ауданы