Туған жер әр адамның жүрегіне жақын, ыстық мекені. Қайда жүрсең де, кіндік қаның тамған топырақтың қадірі бөлек. Ал сол қасиетті өлкенің өсіп-өркендеуіне үлес қосу азаматтық парыздың асыл көрінісі. «Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығының мәні де осында.

Бүгін Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өміралиевтің бастамасымен «Туған жерге туыңды тік» тақырыбында ауқымды инвестициялық форум өтті. Басқосудың басты мақсаты 2028 жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтетін Шыңғырлау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру, инвестициялық әлеуетін арттыру және туған жердің өркендеуіне бейжай қарамайтын азаматтарды ортақ іске жұмылдыру.
"Шыңғырлау ауданының 100 жылдығына – 100 инвестициялық жоба" бастамасы – жай ғана мерейтойлық жоспар емес, елді мекендердің келешегіне бағытталған нақты қадам. Бұл – туған өлкенің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын көбейтуге және ауылдардың ажарын арттыруға бағытталған игілікті бастама.

Форумға қатысқан кәсіпкерлер мен туған жерден түлеп ұшқан азаматтар бас қосып, ауданның даму бағыттары, инвестиция тарту мүмкіндіктері мен бірлесіп жүзеге асыруға болатын жобалар жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Туған топырақтың тыныс-тіршілігін жақсартуға, ауылдың әлеуетін көтеруге ниетті азаматтардың басын қосқан бұл кездесу өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, нақты бастамаларға жол ашатын маңызды алаңға айналды.
Мұндай форумдардың маңызы зор. Өйткені туған жерге деген сүйіспеншілік құр сөзбен емес, нақты іспен өлшенеді. Бірі кәсіп ашып, ауылдастарына жұмыс ұсынса, енді бірі өндірісін кеңейтіп, әлеуметтік нысандардың дамуына қолдау білдіруі мүмкін. Әр азаматтың мүмкіндігі әртүрлі болғанымен, ортақ мақсат бір туған өлкенің гүлденуіне үлес қосу.
"Артық қалған бір шегең болса, соны ауылдың қорасына келіп қақ" деген тәмсілдің астарында да үлкен мән жатыр. Бұл – туған жерге деген жанашырлықтың, ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қай жерде жүрсе де, туған ауылының тағдырына алаңдап, оның болашағына үлес қосуға дайын азаматтар барда ауылдың еңсесі биік, келешегі кемел болмақ.
Алдағы екі жыл Шыңғырлау үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Ауданның бір ғасырлық тарихы өткенге тағзым етіп қана қоймай, келешекке батыл жоспар құратын маңызды белес. «100 жылдыққа – 100 жоба» бастамасы осы межеге нақты істермен жетуді көздейді.
Туған жердің түлеп, ауылдың ажарлануы баршаға ортақ міндет. Бүгінгі форумда көтерілген бастамалар нақты жобаларға ұласып, игілікті істердің жүзеге асуына негіз болсын! Шыңғырлаудың шырайын арттырып, мерейлі мерейтойын жарқын жетістіктермен қарсы алу туған жерін сүйетін әр азаматтың ортақ мақсаты.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы