20.11.2026, 18:00
Оқылды: 8

Жәнібек ауданының спортшысы әлем чемпионатында күміс жүлде алды

Жақында Латвияның Рига қаласында гір тасын көтеруден «Kettlebell Lifting» атты әлем шемпионаты өтті. Аталмыш додада +85 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жәнібек ауданының спортшысы Серік Самодиянов күміс жүлдені қанжығалады.

серик

Әлем шемпионатына 30-ға жуық елден 500-ден аса спортшы қатысқан. Олар балалар, жастар, ересектер және ардагерлер санаты бойынша серпе көтеру, жұлқа көтеру, ұзын цикл, эстафета сайыстарында бақ сынасты. Серік Самодиянов 45-49 жас аралығындағы ардагерлер санаты негізінде, +85 келі салмақ дәрежесінде жұлқа көтеру жаттығуында шеберлігін көрсетті. Спортшы 24 келілік гір тасын 10 минутта 200 рет көтеріп, ІІ орынды еншіледі. Дәл осы санатта бірінші орынды Эстония спортшысы иеленсе, литвалық гиряшы үздік үштікті қорытындылады. Жұлқа көтеру – гір тасын аяқтың арасынан бір қозғалыспен жоғары серпіп, қолды түзу созып, бастан жоғары ұстау. Берілген уақыт ішінде дәл осылай көтеріп, түсіріп, сосын қайта көтеріп спортшы жоғары ұпай еншілеуге тырысады. Қолды тек бір рет ауыстыруға рұқсат етіледі.

Серік Задорұлы 1980 жылы Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында дүниеге келді. 16 жасында гір тасын көтерумен шұғылданып бастаған ол жасөспірім шағында-ақ осы спорт түрінен түрлі сайыстарға қатысқан. Екі мыңыншы жылдары жиырманы еңсерген жастық кезеңінде облыстық деңгейдегі додаларда жұлдызы жарқырай түсті. Серік Самодиянов биыл еліміздің Ақтау қаласында өткен 40-45 жас аралығындағы Азия шемпионатында мойнына алтын тақты. Білекті азамат 2003 жылдан бері Жәнібек ауданында тұрады. Қазіргі кезде фитнес орталығында спорт нұсқаушысы болып еңбек етуде.

Нұрым Ғұмаров,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале