Қазан айының 1-і күні Қаратөбе ауданының орталығы Қаратөбе ауылындағы орталық базарда «Дала дәмі» жобасы аясында заманауи бірыңғай форматтағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мұрындық болуымен өткен шараға Қаратөбе және Жусандыой ауылдық округтерінің өндірушілері қатысып, өз өнімдерін халыққа ұсынды.

Жәрмеңкеде қой, сиыр, жылқы, құс еттері, жұмыртқа, тары-талқан, бау-бақша дақылдары, сүт өнімдері мен мал азығы сатылды. Атап айтқанда, еттің келісі 3500 теңгеден, балық 1000-1500 теңгеден, қаймақтың литрі 5000 теңгеден, сары майдың келісі 7000-8000 теңгеден, ал шөптің бір орамы 4500 теңгеден сатылымға шықты.

Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев орталық базарға келіп, өнім өндірушілермен кездесті. Жауапты мамандардың айтуынша, мұндай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері енді әр аптаның дүйсенбісі сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Шара тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтуға бағытталған.

Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы