1.10.2026, 18:30
Оқылды: 37

Бөрлі ауданында Қарттар күніне орай елге еңбегі сіңген жандарға құрмет көрсетілді

Қарттар күніне орай Ақай қаласының әкімі Арсен Баяндықов елге еңбегі сіңген аудандағы ардақты жандардың шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. 

Арсен Толқынұлы ел ішінде абырой-беделі қалыптасқан, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан ардақты жандардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Бұл жолы әкімнің ақжолтай тілегіне бөленген жандардың қатарында ақын, Мұхит Мералыұлының ұрпағы Әсия Мұхитова және «Мерейлі отбасы-2025» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған мерейлі отбасының қазыналары Мұратбай ата мен Дариға апа, яғни Сүйінғараевтар отбасы болды.

 

image-01-10-26-05-20-1

Өнерді аманат еткен Әсия апай

Әсия Ғұбайдоллақызы – Батыс өңірінің рухани өмірінде өзіндік орны бар, қазақтың дәстүрлі өнерінің дара тұлғасы Мұхит Мералыұлының шөбересі.

Мұхиттай алып тұлғаның ұрпағы болу – үлкен мәртебе. Ал сол ұлы есімді ардақтап, бабадан қалған өнердің қадірін кейінгі ұрпаққа жеткізу – одан да үлкен жауапкершілік. Әсия апайдың ғұмыры да осы аманатпен сабақтас. Ол – атадан жеткен өнердің қадірін білетін, ұлттық мұраны жүрегіне жақын тұтқан жан. Мұхит Мералыұлының туғанына 185 жыл толуына арналған мерейтойлық шараларда да Мұхит ұрпақтарына ерекше құрмет көрсетіліп, Әсия апайға шапан жабылып, сый-сияпат жасалған еді. Ал бүгін қала әкімі Арсен Баяндықовтың арнайы шаңырағына барып, Қарттар күнімен құттықтауы – Әсия апайдың өзіне ғана емес, оның артында тұрған Мұхиттай ұлы тұлғаның рухани мұрасына көрсетілген құрмет деуге болады.

Әсия апай да өз кезегінде ақжарма тілегін айтып, арнайы келген қала әкіміне ризашылығын білдірді. Қарттың алғысы – елдің батасы. Ақ жаулықты ананың ақ тілегі – кейінгіге аманат.

image-01-10-26-05-19-3

«Мерейлі отбасы» атанған Сүйінғараевтар

Ал Мұратбай ата мен Дариға апа – отбасы құндылығын ғұмырлық ұстанымына айналдырған өнегелі шаңырақ. Ғибратты ғұмыр иелерінің отасқанына алпыс жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде олар он перзент тәрбиелеп өсіріп, бүгінде ұрпағының қызығын көріп отырған үлкен әулетке айналды. Балалары білім алып, әр салада еңбек етіп, ата-анасының тәрбиесін абыроймен жалғастырып келеді.

Бұл – бір отбасының ғана жетістігі емес. Бұл – бірнеше ұрпақтың арасын жалғаған берік тәрбие мектебі.

Мұратбай ақсақал мен Дариға апа балаларын бір-біріне қамқор болуға, еңбек етуге, білім алуға тәрбиеледі. Үлкені кішіге қарайласып, бауырмалдықты бала кезден бойға сіңіріп өсті. Осындай берекелі шаңырақтың еңбегі 2025 жылы лайықты бағасын алды. Сүйінғараевтар отбасы «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде бірінші орынға ие болып, республикаға облыс атынан барып, өңіріміздің намысын қорғады. Бұл – бір күндік жеңіс емес. Бұл – алпыс жылдан астам бірге өмір сүрген ерлі-зайыптының бір-біріне деген сыйластығының, он баланың тәрбиесінің, ондаған немере мен шөберенің қуанышының, бүтін бір әулеттің берекесінің нәтижесі.

Мұратбай ақсақал отбасы бақытының негізін татулық пен кешірімнен көреді.

«Жастар кешірімді болуы керек. Бірінің айтқанын екіншісі тыңдауы қажет. Отбасы бақытты болса, ел де бақытты» деген ақсақалның сөзі – бір әулеттің ғана емес, кейінгі буынның да өмірлік ұстанымына айналарлық тағылым.

«Сіздер елдің қазынасыздар»

Қала әкімі Арсен Баяндықовтың арнайы барып, Қарттар күнімен құттықтауының мәні де осында. Өйткені Әсия Мұхитова, Мұратбай ата мен Дариға апа Сүйінғараевтар – ел тарихының, отбасы тәрбиесінің, ұлттық құндылықтардың әр қырынан көрінетін аға буын өкілдері. Бірінің артында – қазақ өнерінің алтын арқауы тұрған Мұхиттың ұрпақ сабақтастығы болса, екіншілерінің артында – он баладан тараған үлкен әулет, ондаған немере мен шөбере бар. Бұлар – қаламыздың, ауданымыздың тарихын көзбен көріп, тағылымын бойына сіңірген, кейінгіге жол көрсетіп отырған қадірлі адамдары. Сондықтан Қарттар күні қарсаңында олардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтау – үлкенге деген ізеттің, еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі.

Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар да қала әкімінің ықыласына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Қарияның батасы – елге амандық тілеген ақ ниет. Әсия апайдың алғысы мен ақ тілегі, Мұратбай ақсақалдың батасы – осындай игі кездесудің ең қымбат сыйындай болды.

 

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале