1.10.2026, 15:30
Оқылды: 9

Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайды

Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас ғимаратының маңдайында “Ұстаздар үйі” деген жазу бар. Өте жарасымды әрі жылы сөз. Ұстаздықтың биігі - ұлылық, педагогтың биігі - парасат. Педагогтардың кәсіби мерекесі қарсаңында Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловпен тілдескен едік. 
 
IMG_4415
 
  - Әкежан Әлібекұлы! «Педагог – шәкірт жүрегінің сәулесі». Сырым ауданында қанша педагог еңбек етеді? Олардың сапалық құрамы қандай?
– Сырым ауданында білім беру саласында 736 педагог еңбек етеді. Бұл – ауданның білім беру жүйесін алға сүйреп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген үлкен кәсіби орта.
Қазіргі таңда аудандық білім беру бөліміне қарасты 27 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 4 мектепке дейінгі ұйым, 20 жалпы білім беретін мектеп және 3 қосымша білім беру ұйымы бар. Аудан мектептерінде 3157 оқушы білім алуда.
20 мектептің 14-і орта, 6-уы негізгі мектеп. Оның ішінде 4 толық жинақты және 16 шағын жинақты мектеп бар. Бұл – ауданымыздың білім беру жүйесінің елді мекендердің ерекшелігіне қарай қалыптасқанын көрсетеді.
Педагогтердің кәсіби құрамына келсек, 3 педагог-шебер, 90 педагог-зерттеуші, 192 педагог-сарапшы, 282 педагог-модератор және 169 педагог еңбек етеді.
Бұл – ұстаздардың кәсіби дамуға, білімін жетілдіруге және заман талабына сай жұмыс істеуге ұмтылысын көрсететін маңызды көрсеткіш. Дегенмен біз үшін сандық көрсеткіштен бұрын әр педагогтің нақты нәтижесі маңызды. Өйткені мұғалім еңбегі тек сабақ сағатымен немесе құжаттағы көрсеткішпен өлшенбейді. Оның еңбегі шәкіртінің жетістігінен, тәрбиесінен, өмірден өз орнын табуынан көрінеді.
Ұстаз – тек білім беруші емес. Ол – шәкірттің бойындағы қабілетті танып, оның болашағына бағыт беретін тұлға. Сондықтан 736 педагогтің әрқайсысы ауданымыздың болашағына қызмет етіп жүрген азамат деп айтуға толық негіз бар.
– Мұғалімдік саланы таңдауда жастардың ықыласы зор екенін байқаймыз. Ауданымызға білім саласы бойынша биыл қанша жас маман келді?
– Биыл ауданымыздың білім беру ұйымдарына 25 жас маман келді. Бұл – жастардың педагогикалық мамандыққа қызығушылығы бар екенін көрсететін жақсы көрсеткіш.
Жас маманның келуімен бірге жаңа идеялар, заманауи әдістер, тың көзқарастар мен жаңа серпін келеді. Әсіресе ауыл мектебі үшін жас педагогтердің орны ерекше. Олар білім берумен қатар мектептің қоғамдық өміріне де белсенді араласады.
Әрине, жас маман үшін алғашқы еңбек жылдары өте маңызды. Университетте алған теориялық білімді мектеп тәжірибесімен ұштастыру, оқушымен және ата-анамен жұмыс істеу, сыныпты басқару – барлығы тәжірибе арқылы қалыптасады.
Сондықтан тәжірибелі ұстаздардың тәлімгерлігіне, кәсіби қолдауына ерекше мән береміз. Жас маманға тек міндет жүктеп қана қоймай, оның пікірін тыңдап, бастамасына қолдау көрсету қажет.
Жас педагогтің бойында жігер, ізденіс пен жаңашылдық болса, тәжірибелі ұстазда кәсіби шеберлік пен өмірлік тәжірибе бар. Осы екі буынның сабақтастығы білім сапасына оң әсер етеді.
Біздің мақсатымыз – жас мамандардың ауданымызда тұрақтап, кәсіби тұрғыда өсіп, болашақта білім саласының белсенді көшбасшыларына айналуына жағдай жасау.
– Еліміздегі білім жүйесі жаңа заманның педагогтеріне қандай міндеттер жүктейді? Жасанды интеллектіні игеру және дәуір жаңалықтары мұғалімді түпкі негізден – білім беру ісінен алыстатып жібермей ме?
– Меніңше, мұнда ең басты қағида – технологияны мақсат емес, құрал ретінде қабылдау.
Бүгінгі мұғалім жасанды интеллектіні де, цифрлық технологияларды да меңгеруі керек. Өйткені қазіргі оқушының ақпаратты қабылдау ортасы өзгерді. Балалар ақпаратты жылдам алады, түрлі платформаларды пайдаланады. Сондықтан мұғалім де осы өзгерістерден тыс қалмауы тиіс.
Алайда технологияның дамуы мұғалімнің негізгі миссиясын өзгерте алмайды. Жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын дүние емес. Ол уақытты тиімді пайдалануға, ақпаратты талдауға, сабаққа дайындалуға, тапсырмаларды саралауға көмектесетін құрал болуы керек.
Мұғалімнің міндеті – дайын ақпаратты ұсыну ғана емес, оқушыны ойландыру, сұрақ қоюға үйрету, талдау жасауға және дұрыс шешім қабылдауға бағыттау. Бұл тұрғыда технология мұғалімнің орнын баспайды.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдану педагогтің кәсіби жауапкершілігін де арттырады. Мұғалім алынған ақпараттың дұрыстығын тексеріп, оны саралап, оқушының жас ерекшелігіне сай пайдалана білуі қажет.
Меніңше, мұғалім технологиядан қалыс қалмауы керек, бірақ технологияның соңынан да еріп кетпеуі керек. Ол технологияны өз мақсатына бағындыра білуі тиіс.
Қандай заман келсе де, мұғалімнің негізгі міндеті өзгермейді: балаға білім беру, тәрбие беру, оның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету және өмірде өз жолын табуына көмектесу.
Технология қанша дамыса да, ұстаздың жүрегі, мейірімі, сөзі мен жеке үлгісі білім беру ісіндегі ең маңызды құндылық болып қала береді.
– Сіздің ойыңызша, ұстаз қандай болуы керек?
– Менің ойымша, ең алдымен ұстаз өз ісіне адал болуы керек.
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Мұғалім әр баланың мінезі, қабілеті, қызығушылығы әртүрлі екенін ескеріп, оқушыға жеке тұлға ретінде қарай білуі қажет.
Бүгінгі ұстаз білімді, ізденімпаз, адамгершілігі жоғары және жаңашыл болуы керек. Өз пәнін жақсы білуі – міндет. Бірақ сонымен қатар баланың бойындағы қабілетті көре білуі, оған сенім артуы және дұрыс бағыт көрсетуі де өте маңызды.
Ұстаз үнемі өзі де үйреніп отыруы керек. Себебі бүгінгі оқушының сұрағы, қызығушылығы мен ақпаратты қабылдау тәсілі кешегі оқушыдан өзгеше.
Ұстаздың бойында кәсіби шеберлікпен қатар сабыр, әділдік, мейірім және жауапкершілік болуы керек. Кейде оқушыға бір ауыз жылы сөздің өзі үлкен демеу болады. Кейде мұғалімнің сенімі баланың өзіне деген сенімін қалыптастырады.
Қандай технология дамыса да, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен адами қарым-қатынасты ешқандай технология алмастыра алмайды.
Ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкіртінің өзінен озып, биік белестерді бағындыруы. Сондықтан мен үшін жақсы ұстаз – баланың тек бүгінгі білімін емес, ертеңгі болашағын ойлайтын ұстаз.
– Кәсіби мереке қарсаңында Сырым ауданының білім беру тарихына қатысты жинақ шығарғалы жатыр деп естідік. Бұл жинақ несімен құнды, несімен жаңалық?
– Иә, қазіргі таңда «Сырым білім тарихы» атты жинақ әзірленуде.
Меніңше, оның басты құндылығы – бүгінгі білім жүйесінің қалыптасуында талай буын ұстаздың еңбегі жатқанын көрсетуінде.
Бұл – жай ғана тарихи деректер жинағы емес. Онда мектептердің тарихы, ұстаздардың еңбегі, жетістіктері, білім беру ұйымдарының қалыптасу кезеңдері қамтылады.
Мен үшін бұл жинақ – Сырымның білім саласының шежіресі.
Жинақтың тәрбиелік мәні де зор. Оны оқыған жас ұрпақ өз ауылынан, өз ауданынан шыққан ұстаздардың еңбегін танып, туған жеріне деген мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Бүгінгі жетістіктің негізінде кешегі ұстаздардың маңдай тері жатыр.
Сондықтан ұстаздар мерекесі қарсаңында бұл жинақтың жарық көруін білім саласының өткеніне тағзым, бүгінгісіне құрмет, келешекке аманат деп қабылдаймын.
– Ұстаздар күні қарсаңында аудан педагогтеріне қандай тілек айтар едіңіз?
– «Мұғалім – шәкірт жүрегінің сәулесі» деген сөздің мәні өте терең.
Ұстаздық жолды таңдаған барша әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге береке тілеймін. Кәсіби ізденістеріңіз жемісті болып, еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағалансын.
Ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкіртінің жетістігі. Сол жетістіктер сіздерге әрдайым мақтаныш пен қуаныш сыйласын.
Рахмет! Мереке құтты болсын!
Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале