Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «NASA Space Apps Challenge – 2026» халықаралық хакатонының аймақтық кезеңінде топ жарып, І орынды иеленді. Енді жас өнертапқыштар жаһандық деңгейде ел намысын қорғауға дайындалуда.


Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас инженерлер мен бағдарламашылардың басын қосатын «NASA Space Apps Challenge» – ғарыш және Жер туралы ғылымдар саласындағы ең ірі халықаралық инновациялық байқаулардың бірі. Биылғы аймақтық кезеңде Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 22 команда бақ сынап, өздерінің тың идеялары мен технологиялық шешімдерін ортаға салды.
Жарыс қорытындысы бойынша мектебіміздің намысын қорғаған Бекарыс Махсот, Аслан Нұржан, Санжар Успанов, Мерей Бектенов, Алихан Мурзахметов және Сауран Ғилымнан құралған команда қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жас зияткерлер қазылар алқасы мен көпшілік назарына балалар мен жасөспірімдерді астронавтика саласына баулуға арналған «First Outpost» атты бірегей инновациялық жобасын ұсынды. Бұл – күрделі ғарыш заңдылықтары мен астрономиялық ұғымдарды геймификация (ойын элементтері) арқылы қызықты әрі қолжетімді етіп түсіндіретін интерактивті 3D білім беру симуляциясы. Жоба оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оларға ғарыш кеңістігін виртуалды түрде зерттеуге мүмкіндік береді.
Аймақтық кезеңде үздік атанған жас өнертапқыштардың ендігі мақсаты – «NASA Space Apps Challenge – 2026» хакатонының халықаралық кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, Қазақстанның зияткерлік әлеуетін әлемдік аренада дәлелдеу. Жас дарындарға алдағы сайыста сәттілік тілейміз!
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз қызметі