21 қараша – Дүниежүзілік теледидар күні
Теледидардан сүйікті арнаңды көріп, радиодан жаңалық тыңдап отырған көрермен экранның ар жағында қаншама адамның еңбегі тұрғанын біле бермейді. Ал сол бір үздіксіз эфирдің қалыпты жүруіне жауапты жандардың бірі – «ҚазТелеРадио» АҚ-ның «Батыс» Жымпиты радиотелестансасының техник маманы Қазбек Исмагулов.

Бұл – ақпарат пен жаңалықты елге жеткізіп, алысты жақындатқан көгілдір экранның мерекесі. Эфирдің ар жағындағы елеусіздеу көрінетін, бірақ аса жауапты жұмысты атқарып жүрген мамандардың еңбегіне де тоқталған жөн.
Қазбек Орақұлы бұл салаға 1991 жылы келген. Ал мекеме бір жыл бұрын, 1990 жылы құрылған. Содан бері ол бір ұжымда еңбек етіп, талай өзгерістің куәсі болды. Еңбек жолын монтер болып бастаған маман бүгінде II санатты техник қызметін атқарады. Осылайша, өмірінің 35 жылын бір салаға арнады.

– 1969 жылы Өлеңті ауылында дүниеге келдім. Онжылдық мектепті Өлеңітен аяқтап, 1988-1990 жылдары Отан алдындағы борышыммды өтеп келдім. Сүйікті жұмысыма 1991 жылы қабылдандым. 1999-2001 жылдары Ақтөбе байланыс техникумының «телерадио тарату» бөлімінде білім алдым. 2001 дылы электромонтер, 2005 жылы ІІ санатты техник қызметіне дейін еңбек етіп келемін. Отбасымда жарым, ұл-келінім, немереммен бақытты ғұмыр кешудеміз,-дейді кейіпкеріміз.
Қазбек Орақұлының жұмысы сырт көзге байқала бермегенімен, жауапкершілігі жоғары. Ол ауысыммен жұмыс істеп, телехабар таратқыштардың қалыпты жұмысын бақылайды. Мониторинг арқылы телеарналардың эфирге шығуын, сигнал деңгейін, таратқыштың қосылуын, құрылғының температурасын және жұмыс қуатын тексереді. Ақау анықталса, оны дер кезінде реттеуге кіріседі. Келіп түскен телефон қоңырауларына да жауап беріп, тұрғындардың мәселесіне назар аударады.

Мекеме басшысы Гайдар Мещеров Қазбек Орақұлының кәсіби біліктілігі мен адамдық қасиетін ерекше атап өтеді.
– Ол – біздің мекемедегі жасы жағынан да, еңбек өтілі жағынан да үлкені. 35 жыл бойы бір салада табан аудармай еңбек етіп келеді. Өте көпшіл, ортаның адамы. Жұмысқа уақытылы келеді, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе 2011-2013 жылдары «Отау ТВ» спутниктік теледидар қызметін орнату кезінде еңбегі зор болды. Қазір Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары бойынша орналасқан 17 станцияның профилактикалық жұмыстарына қатысып, монтаждау жұмыстарында да жүреді. Жұмыс талғамайды. Еңбекқорлығымен өзгелерге үлгі болып жүрген маман, – дейді ол.
Қазір Жымпиты радиотелестансасында 4 монтер мен 4 техник еңбек етеді. Әрқайсысының өз міндеті бар. Бірақ барлығының ортақ мақсаты – телеарналар мен радио хабарларының үздіксіз таралуын қамтамасыз ету.

Қазбек Орақұлының 35 жылдық еңбек жолы – бір мамандыққа адалдықтың, өз ісіне деген жауапкершіліктің көрінісі. Көрермен үшін теледидардың қосылып тұруы қалыпты жағдай шығар. Ал сол қалыпты жағдайдың артында тәулік бойы қырағы отыратын мамандардың еңбегі тұрғанын екінің бірі біле бермейді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы