19.11.2026, 12:45
Оқылды: 0

Ақжайық ауданының ең қарт тұрғыны 98 жасқа толды

Қариясын қадірлеген ел – қазыналы ел. Бүгін Ақжайық ауданының ең қарт тұрғыны, битілеулік Назира Әбілхайырова 98 жасқа толды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, тұтас бір дәуірдің куәсіне айналған ақ жаулықты анаға туған күніне орай ерекше құрмет көрсетілді.

WhatsApp Image 2026-11-18 at 15.27.49
Мерейлі жасқа толған кейуананы құттықтауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Фархад Уахитов, Ақжол ауылдық округінің әкімі Бекболат Қаленов арнайы барды. Олар аудан басшысының ыстық ықыласы мен ақжарма тілегін жеткізіп, Алғыс хатын табыстады. Иығына камзол жауып, қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті.
1928 жылы Битілеу ауылында дүниеге келген Назира әженің балалық және жастық шағы ел басына ауыртпалық түскен кезеңмен тұспа-тұс келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы еңбекке араласты. Майдандағы жауынгерлерге қолдау көрсетіп, елдегі қиындықты көппен бірге еңсерді. Бейбіт өмір орнағаннан кейін де колхоз, совхоз шаруашылықтарында еңбек етіп, ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты.
Ғасырға жуық ғұмырында қиындықты да, қуанышты да бастан өткерген кейуана бүгінде туған топырағында өмір сүріп жатыр.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген халық даналығын берік ұстанған Битілеу ауылының азаматтары да игі істен шет қалмады. Атап айтқанда, «Мұқаш» шаруа қожалығының жетекшісі Алаужан Мұқашев бір жылқы, «Мақсот» шаруа қожалығының жетекшісі Ғафур Мақсотов бір қой, «Рашид» шаруа қожалығынан Бибігүл Сатыбалдиева бір қой және ақшалай сый ұсынды. Сондай-ақ «Әлібек» шаруа қожалығының жетекшісі Әлібек Ерғали, «Олжас» шаруа қожалығының жетекшісі Олжас Әмір және «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Әскербек Көпжасаров ақшалай тартуларын табыстады.

IMG_0644

Айта кетерлігі, ауыл азаматтарының Назира әжеге деген қамқорлығы мерекелік күнмен ғана шектелмейді. Жыл сайын соғымын беріп, мал азығын түсіріп, тұрмыстық шаруаларына қолғабыс етіп келеді. Осылайша, бүтін бір ауыл жасы үлкен қариясын алақанына салып аялап, үлкенге құрмет көрсетудің үлгісін танытып отыр.

IMG_0635
Жасы жүзге таяғанымен, кейуана тың, жады сергек. Елдің өткені мен өзі куә болған кезеңдерден естеліктер айтып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік етті. Өзін арнайы құттықтап келген азаматтарға ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді.

Рақым Берікқали, 
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале