18.11.2026, 16:45
Оқылды: 4

Бәйтеректік жас боксшы «Auyl sport-2026» турнирінде қола жүлдегер атанды

Астанада өткен «Auyl sport-2026» республикалық турнирінде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған бәйтеректік жас боксшы Нұрасыл Мақаш қола медаль иеленді.

image-11-11-26-09-11

Елімізде 2024 жылдан бері «Auyl sport» жалпыұлттық бағдарламасы аясында спорттың сегіз түрінен жарыс ұйымдастырылып келеді. Биыл үшінші рет өткізілген жоба ауыл балаларының спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасап, бұқаралық спортты дамытуға, жас таланттарды қолдауға бағытталған.
Бұл жолы аталмыш турнирге еліміздің 17 өңірінен іріктелген 350-ден астам жас спортшы қатысты. Оның ішінде 102-сі - боксшы.
Айта кетейік, 2012–2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында 40 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрасыл Мақаш алдымен облыстық кезеңде қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Сөйтіп республикалық турнирге жолдама алған жас боксшы елорда төрінде де жақсы өнер көрсетіп, 3-орынға тұрақтап, 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Нұрасыл 2023 жылдан бері бокс үйірмесіне қатысып келеді. Осы уақыт аралығында республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, спорттағы шеберлігін шыңдап жүр. Бүгінгі жетістігі – табанды еңбегі мен үздіксіз жаттығуының нәтижесі.
Оны спортқа баулып, бокстың қыр-сырын үйретіп, жетістікке жетуіне жолашқан жаттықтырушылары Мәди Есенжанов, Жасталап Дүкеев және Асылхан Есеновтерді де атап өткен жөн.

Диана Хамит,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале