18.11.2026, 12:30
Оқылды: 4

Жол сапасы жобадан басталады: ведомстволық сараптаманың электронды жүйесі қалай жұмыс істейді?

Автомобиль жолын жөндеу жұмыстары басталмас бұрын атқарылатын жұмыстардың тізбесі, қолданылатын материалдар мен жобаның құны айқындалуы тиіс. Бұл мәліметтердің барлығы техникалық құжаттамада көрсетіледі. Ал ведомстволық сараптаманың негізгі міндеті – аталған құжаттаманы тексеріп, жөндеу жұмыстары басталғанға дейін жобадағы қателіктер мен негізсіз шешімдерді анықтау.

IMG_9657.JPG

Бұған дейін бұл үдеріс едәуір уақытты талап ететін. Құжаттардың үлкен көлемін қағаз түрінде жинақтап, келісуден өткізу және қайта бекіту қажет болатын. Соның салдарынан құжаттаманы рәсімдеу бірнеше айға созылатын.

Осы үдерісті жеңілдетіп, уақытты үнемдеу мақсатында 2022 жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ведомстволық сараптаманың электронды порталын әзірледі. Қазіргі уақытта платформаны сүйемелдеу және дамыту жұмыстарын Орталықтың Цифрландыру басқармасы жүзеге асырып келеді.
Бүгінде ұйымдар қажетті мәліметтерді енгізіп, құжаттарды электронды жүйеге жүктейді. Енгізілген ақпарат негізінде портал техникалық құжаттаманы автоматты түрде қалыптастырады. Одан кейін сарапшылар құжаттарды тексеріп, қорытынды дайындайды. Мұндай тәсіл бір мәліметті бірнеше рет енгізу қажеттілігін азайтып, құжаттарды рәсімдеу барысында жіберілетін қателердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Электронды порталдың енгізілуі құжат айналымын едәуір қысқартып, рәсімдеу мерзімін оңтайландыруға жол ашты. Қажетті құжаттар саны 15-тен 5-ке дейін азайып, оларды рәсімдеу мерзімі үш айдан 15 күнге дейін қысқарды. Осылайша, техникалық құжаттаманы қарау үдерісі бес есе жеделдеді. Сонымен қатар барлық құжаттар мен оларға енгізілген өзгерістер бірыңғай жүйеде сақталады. Бұл қарау барысын және құжаттарға енгізілген өзгерістер тарихын бақылауға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысындағы жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау тәжірибесі де техникалық құжаттаманы алдын ала тексерудің маңызын айқындай түседі. Филиал директоры Нұртілек Нұрхатұлы Хасеновтың атап өтуінше, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында автожолдардың сапасын жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Бүгінде осы бағытта өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл облыс көлемінде 420 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
Филиал директорының айтуынша, жыл басынан бері сапа орталығының мамандары республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында 420-дан астам тексеру жүргізген. Сонымен қатар жол-құрылыс материалдарының 1600 сынамасы зертханалық сынақтан өткізіліп, нәтижесінде бірқатар ақаулар мен сәйкессіздіктер анықталған. Бұл мәліметтер сапа орталығының «KazRoadLab» ақпараттық жүйесіне енгізілген.
Нұртілек Нұрхатұлының атап өтуінше, аталған жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – анықталған сәйкессіздіктер жойылмайынша, мердігер ұйымның орындаған жұмыстары қабылданбайды. Бұл талап жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына қойылатын бақылауды күшейтіп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді.
Ведомстволық сараптаманың маңызы құжат айналымын жеделдетумен ғана шектелмейді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – жол жөндеу жобаларындағы ықтимал қателіктер мен негізсіз шешімдерді жұмыс басталғанға дейін анықтап, оларды уақытылы түзету. Бұл жөндеу жұмыстарына сапалы дайындалуға және бұрын орындалған жұмыстарды қайта жүргізу тәуекелін азайтуға ықпал етеді.

Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1300 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан республикалық маңызы бар автожолдардың 308 шақырымы аяқталуға жақын. Филиал алдағы уақытта да жол сапасына тұрақты бақылау жүргізуді жалғастырады.
Сайып келгенде, техникалық құжаттаманы алдын ала әрі мұқият сараптау жол жобаларының сапалы әзірленуіне, құрылыс және жөндеу жұмыстарының тиімді ұйымдастырылуына негіз болады. Ал бұл – жол инфрақұрылымының сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды алғышарттардың бірі.

ЖАСҰО РМК баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале