17.11.2026, 16:45
Оқылды: 3

Ұлттық қолөнерге жаңа тыныс

Орал қалалық көрме залында «Ұршық шебері» атты қолөнершілер байқауы өтті. Додаға 33-80 жас аралығындағы қыз-келіншектер, әжелер қатысты.

1e52cf7c-f564-4c6a-a397-b1f15fc7365e

Байқаудың мақсаты – ұршық иіру өнерін жас ұрпаққа насихаттап, ұмыт бола бастаған дәстүрлі қолөнерді қайта жаңғырту.

Іс-шарада қос етек көйлек, кимешек, кәжекей киген қатысушылардың көркіне көз сүйсінді. Олардың ұлттық нақыштағы киімдері мен шеберлікке деген ықыласы іс-шараның мазмұнын аша түсті. Байқау қатысушылары ұршық иірудегі шеберліктерін паш етіп, дәстүрлі кәсіптің қыр-сырын көрсетті.

b82f4e97-197f-4300-9f8b-7673c2c7dcf5

– Қазір кейбір жастар ұршықтың қандай құрал екенін білмейді. Ұршық кішкентай ғана құрал болғанымен, оның мәні мен маңызы тереңде. Өйткені иірілген жіптен бас киім, шұлық, кәжекей және басқа да киімдерді тоқуға болады. Яғни ұршық иіруді дамытсақ, дайын өнім шығарып, отандық өндірісті де өркендете аламыз. Негізі, Ақтауда республикалық ұршық сайысы өтуі керек еді. Оралдан 40 шебер болып бардық. Өкінішке қарай, елімізде аза тұту күні жарияланып, сарбаздардың қаза болуына байланысты фестиваль өтпей қалды. Содан байқауды облысымызда өзіміз ұйымдастыруды шештік. Өйткені әр шебердің қайтадан алысқа барып-келуі оңай емес, оған қаражат та қажет. Ең бастысы, ұршық иіру өнерін насихаттау тоқтап қалмаса екен дедік. Байқауға үш ай бойы дайындалдық. Қатысушылар шеберлік сабақтарында үйренгендерін үйде қайталап, күн сайын бейнежазба жіберіп отырды. Қазір ұршық ұстап көрмеген жастар да бар. Алғашында олар қиналғанымен, кейін қызығушылықтары артып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Байқау шарты бойынша 15 минутта 20 метр жіп иіру керек. Бірақ кейбір қатысушылар осы уақыт ішінде 30-35 метрге дейін жіп иіріп жүр. Бүгінгі байқауға 20 қолөнерші қатысып отыр.

Қатысушылардың ең жасы – 33-те, ал үлкені – 77 жаста. Мұндағы мақсат – ұлттық өнерді әр буынға үйретіп, шеберлік сабақтары арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

жарқынай әкімғалиева

– Біз үшін сапалы жүн табу да оңайға соқпады. Оралда меринос өсіретіндер азайып кетті. Бұрын қойды көктемде және күзде екі мезгіл қырқатын еді, қазір көбіне жылына бір рет қана қырқады. Соның салдарынан жүн сапасы да төмендеп барады. Сапалы жүнді Тараздан алдыртамыз. Тазартылған жүннің келісі 6 мың теңгеден басталады. Ал жергілікті жүннің келісі 1500-2000 теңге шамасында. Бірақ ол жуылмаған, тазартылмаған күйінде келеді. Оны шоғайнадан, кенеден тазартып, өңдеу керек. Мұның бәрі қосымша еңбек пен уақытты қажет етеді. Сапалы жүнді өзімізден таба алсақ, жұмысымыз әлдеқайда жеңілдер еді. Одан бөлек, қазір Оралда қолөнер жақсы дамып келеді. Жастарымыз шұлық, малақай және басқа да бұйымдарды тоқып, сатып жүр. Бұл – қуантарлық жағдай. Ұлттық қолөнер тек мұра ретінде сақталып қана қоймай, кәсіпке де айналуы керек. Алдағы уақытта осы бағытты одан әрі дамытып, жастардың қызығушылығын арттырсақ дейміз, – деді қолөнер «Urshyk» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры, құрақ құраудан рекорд иегері Жарқынай Әкімғалиева.

Байқауға қатысушылардың арасындағы жасы үлкені – 77 жастағы Балкенже Дәулетова. Қарттар мен мүгедектерге арналған Орал медициналық-әлеуметтік мекемесі үйінен келген әжей бос уақытында ұршық иіруді әдетке айналдырған.

Балкенже Дәулетова

– Қарттар үйінде тұрғаныма бес жыл болды. Бұл ортаға жақында ғана қосылдым. Жүн иіруді бұрыннан білемін. Аяғым тоңған соң, амал жоқ, жүн иіріп, одан шұлық тоқуды бастадым.

Мекемедегі басшым Айгүл Маратқызы қатысасыз ба деп ұсыныс жасағанда, келісімімді бердім. Бұрын мұндай қолөнер орталығы барын білмейтінмін. Кейін естіп, осында келе бастадым. Бұл сайыста орын аламын ба, жоқ па, ол маған маңызды емес. Ең бастысы, қатысып, адамдармен араласып, уақытымды пайдалы өткізсем, сол да жеткілікті, – дейді Балкенже Дәулетова.

Сайыс барысында қазылар алқасы қатысушылардың иірген жіптерін сараптап, олардың ұзындығы мен сапасына баға берді. Қорытындысында, 25-45 жас аралығындағы қатысушылар арасында І орынды Зухра Құсайынова иеленді. 46-65 жас санатында Бибігүл Әміреева үздік деп танылса, 66 жастан жоғары қатысушылар арасында Ақөнер Жәкібаева жеңімпаз атанды. Ал «Ұршықтың хас шебері» бас жүлдесі Әйгерім Жұмағалиеваға табысталды.

Байқау соңында бас жүлдеге ие болған Әйгерім Жұмағалиеваны жеңісімен құттықтап, ұршық иіруді кімнен үйренгенін сұрадық.

Әйгерім Жұмағалиева

– Ұршық иіруді 4-5-сыныпта оқып жүрген кезімнен білемін. Мұны маған әжем үйретті. Бала кезімнен жіп иіріп, оны ширатып, түрлі тоқыма бұйымдарын тоқып өстім. Сондықтан ұршық иіру маған аса қиындық әкелген жоқ. Әжемнен үйренгенім бүгінде осындай байқауда қажетке жарап, бас жүлдеге ие болуға көмектескеніне қуаныштымын. Жеңісімді марқұм әжеме арнаймын. Маған осы өнерді үйретіп, ұлттық мұраның қадірін түсіндіргені үшін ризашылығым шексіз. Осындай байқаулардың ұйымдастырылуы ұлттық қолөнерге деген қызығушылықты арттырып, жастардың ата кәсіпті үйренуіне жол ашады деп ойлаймын, – деді Әйгерім Жұмағалиева.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале