Қаратөбе ауданының тұрғынына облыстық кардиологиялық орталықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында төрт тамырлы коронарлық шунттау отасы тегін жасалды. Күрделі отаны сәтті өткерген науқастың қазіргі жағдайы жақсы.

«Жүрегіме жасалған төрт тамырлы шунттау отасы сәтті өтті. Операция МӘМС есебінен тегін жасалды. Аудандық ауруханаға келгеннен кейін дәрігерлер оңалту шараларына жолдап, денсаулығымды тұрақты бақылауға алды. Әр алты ай сайын тексеруден өтіп тұрамын. Сонымен қатар, қажетті үш түрлі дәріні де тегін аламын. Көрсетілген медициналық көмекке ризамын», – дейді Қаратөбе ауданының тұрғыны.
Қаратөбе аудандық ауруханасының дәрігер-терапевті Гүлден Ғұмарованың айтуынша, науқас 2021 жылдан бері диспансерлік есепте тұрады. Дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған науқасқа қажетті медициналық тексерулер жүргізіліп, облыстық кардиологиялық орталыққа мамандандырылған медициналық көмек алу үшін жолдама берілген.
«Науқас жедел миокард инфарктісі диагнозымен кардиологиялық орталыққа жатқызылды. Қосымша тексерулер нәтижесінде коронарлық артериялардың төрт тамырына шунттау отасын жасау қажеттілігі анықталды. Ота нәтижелі болды. Қазіргі уақытта науқас аудандық ауруханада дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оңалту шаралары жүргізіліп, қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілуде», – дейді дәрігер-терапевт Гүлден Ғұмарова.
Сымбат Қыпшақбай,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас сарапшысы