Ақсай қаласындағы Бөрлі тарихи-өлкетану музейінде «Күзгі вернисаж» атты балалар суреттері көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Өнер мен шығармашылықты ұштастырған шараны «Art masters» өнер орталығы мен аудандық тарихи-өлкетану музейі бірлесіп ұйымдастырды.

Көрменің ашылуында аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Зумрад Менешева құттықтау сөз сөйлеп, жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып жүрген «Art masters» өнер орталығының оқытушысы Лилия Қазжанованы Алғыс хатпен марапаттады.
Өз кезегінде Лилия Рахымғалиқызы сөз сөйлеп, оқушыларының шығармашылық жолындағы жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ түрлі байқауларда өнерімен көзге түсіп жүрген шәкірттерін марапаттап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.

- Бүгін біз үшін ерекше күн. «Күзгі вернисаж» көрмесіне студиямыздың 60 тәрбиеленушісі қатысып отыр. Көрменің басты мақсаты – күз мезгілінің бар сұлулығын, табиғаттың сан алуан бояуын сурет арқылы көрсету. Балалардың жұмыстары өте жарқын әрі түрлі түске бай. Бір туындыда жаңбырлы күн бейнеленсе, енді бірінде ағаштардың алтын түске боялған жапырақтары мен жарқыраған күннің шуағы көрініс тапқан. Яғни, күзді барлық қырынан көрсетуге тырыстық. Шәкірттеріміз түрлі деңгейдегі байқауларға да белсенді қатысып келеді. Биыл Грузияда өткен халықаралық байқауда балаларымыз жоғары нәтиже көрсетіп, Гран-при, І және ІІ орындарды иеленді. Сонымен қатар Орал қаласында жыл сайын өтетін халықаралық байқауға 37 тәрбиеленушіміз қатысып, өз жұмыстарын ұсынды. Жақында ғана балаларымыз Париж қаласынан оралды. Бұл сапар балаларға үлкен әсер мен шабыт сыйлады. Францияның көрікті жерлерін тамашалап, жаңа дүниелермен танысты. Осындай сапарлар мен байқаулар балалардың шығармашылық ізденісіне тың серпін береді. Бүгінде студиямызда 120-дан астам бала білім алып, сурет өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр, – дейді қосымша білім беру педагогі Лилия Рахымғалиқызы.

Балаларының шығармашылық жұмыстарын тамашалауға ата-аналар да арнайы келіп, жас суретшілердің еңбегіне тәнті болды. Солардың бірі – Ұмсынай Абылайханқызы. Оның екі қызы да өнер орталығында сурет салуды үйреніп жүр.

- Менің екі қызым да осы өнер орталығына қатысады. Үлкен қызым қазір 11 жаста, екі жылдан бері студияға барып жүр. Ал кіші қызым 5 жаста, биыл алғаш рет қатыса бастады. Көрме өте жақсы, жоғары деңгейде өтті. Балалардың барлығы тыңғылықты дайындалған. Бүгінгі көрмеге 4 пен 15 жас аралығындағы балалардың жұмыстары қойылған. Әр сурет өзінше ерекше әрі әдемі. Ең алдымен, балаларымызға осындай үлкен мүмкіндік сыйлап жүрген «Art masters» өнер орталығының жетекшісі Ляззат Есенқұлқызы мен ұстазымыз Лилия Рахымғалиқызына алғысымызды білдіреміз. Балаларымызға шығармашылық табыс тілейміз, жетістіктерімен қуанта берсін. Осы уақыт аралығында қыздарымыз Орал қаласында өткен байқаулардан екі рет ІІ орын алды. Ал биыл Грузияға барып, бір қызымыз Гран-при, екіншісі ІІ орынмен оралды. Негізінен қыздарым табиғат көріністерін салғанды ұнатады. Дегенмен студияда сурет салудың әртүрлі бағыттарын меңгеріп, қолдарын жаттықтырады. Қызымның Грузиядағы байқауға ұсынған жұмысы қазақы нақышта бейнеленген отбасылық сурет болатын. Қазылар алқасы бұл туындыға ерекше қызығушылық танытып, жоғары бағалады. Балаларымыздың еңбегінің осылай бағаланғаны біз үшін үлкен қуаныш, - деп өз ата-аналық тілегін білдірді Ұмсынай Абылайханқызы.

Көрме барысында жас суретшілердің күз мезгілінің әсемдігін, табиғаттың сан алуан бояуын және қоршаған ортаның сұлулығын бейнелеген туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір суреттен балалардың қиялы мен шығармашылық ізденісін аңғаруға болады.

Мұндай шығармашылық көрмелер жас таланттардың қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың өз еңбектерін көпшілікке танытуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, сұлулықты сезінуге, табиғатты өзіндік көзқараспен бейнелеуге баулиды. «Күзгі вернисаж» көрмесі жас суретшілердің шығармашылық әлеміне жол ашып, олардың алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруына серпін берері сөзсіз.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы