Адам баласы үшін жарық дүниені көру – ең үлкен сый. Таңның арайлап атқанынан бастап, табиғаттың әсемдігін, тіпті жақындарыңның жүзін көру – біз күнделікті бағалай бермейтін бақыт. Ал көз жанарынан айырылған жан үшін осының бәрі арманға айналуы мүмкін. Соқырлық – тек көру қабілетінің жоғалуы ғана емес, ол адамның өмір салтына, психологиялық жағдайына, әлеуметтік ортасына әсер ететін күрделі мәселе.
Осы орайда біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас офтальмологі, облыстық көпбейінді аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты офтальмохирург Дәурен Ермұхамбетпен тілдесіп, суқараңғылыққа душар ететін көз аурулары және оның алдын алу жолдарын білдік.
Бүгінде көз аурулары мен соқырлық мәселесі әлемнің көптеген елінде өзекті болып отыр. Оның себептері де сан алуан. Дәурен Сағынғалиұлының айтуынша, суқараңғылыққа душар ететін бірден-бір себеп – көзішілік қысымның жиі көтерілуінен көру жүйкесінің (нерв) солып қалуы, яғни глаукома дерті. Глаукоманың бір-неше түрі бар. Ең жиі кездесетін түрі – ашық бұрышты глаукома. Бұл дерт кезінде көз ішіндегі сұйықтықтың сыртқа ағуы қиындап, соның салдарынан көз қысымы көтеріліп, көру жүйкесі зақымданады.
Ауру баяу дамиды және бастапқы кезеңде сырқат белгісі байқалмауы мүмкін. Науқас көбіне көру аймағы тарыла бастағанда ғана дерттің бар екенін сезеді. Екінші түрі – жабық бұрышты глаукома. Бұл түрінде көз ішіндегі сұйықтықтың ағу жолы тарылады немесе бітеледі. Көз-ішілік қысым қысқа уақыт ішінде күрт жоғарылайды. Жедел ұстама кезінде көз қатты ауырып, қызарады, көру бұлыңғырланады, жарық айналасында түрлі-түсті шеңберлер көрінеді. Бас ауырып, жүрек айнуы да ықтимал.
Мұндай жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет. Ал екінші деңгейлі глаукома қант диабеті, артериялық гипертония секілді басқа аурулардың салдарынан, жарақаттардың, қабыну процестерінің немесе кейбір дәрілік препараттардың әсерінен дамуы мүмкін. Туа біткен глаукома – нәрестелер мен кішкентай балаларда кездесетін сирек ауру. Көз ішіндегі сұйықтықтың ағу жүйесі дұрыс қалыптаспағандықтан пайда болады. Нәрестеде көздің үлкеюі, қасаң қабықтың бұлыңғырлануы, жарыққа қарай алмау және көзден жас ағу сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда баланы офтальмологқа шұғыл көрсету керек. Маманның айтуынша, глаукоманы ерте сатысында анықтап, емдеуді уақытында бастау көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан көз ішіндегі қысымды тұрақты бақылап, дәрігер тағайындаған дәрілік тамшыларды уақтылы қолдану қажет. Емдеу тәртібін өз бетінше өзгертуге немесе дәрігердің кеңесінсіз тоқтатуға болмайды.
– Глаукома – тұқым қуалайтын көз ауруы. Әсіресе әйел адамнан балаларына беріледі. Сондай-ақ артериялық қан қысымының жиі көтерілуі, жоғары деңгейдегі миопия бұл дерттің дамуына тікелей әсер етеді. Қант диабеті де көру қабілетіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Әсіресе қандағы қант мөлшері ұзақ уақыт жоғары болған жағдайда көздің торлы қабығындағы қан тамырлары зақымданып, диабеттік ретинопатия дамуы мүмкін. Қан тамырларының өткізгіштігі бұзылып, көздің торлы қабығына немесе шыны тәрізді денесіне, тор қабыққа (сетчатка) қан құйылуы ықтимал. Мұның соңы көру қабілетінің күрт төмендеуіне әкеледі. Сондықтан қант диабетімен ауыратын науқастар дәрігердің ұсынымдарын орындап, диетаны сақтап, дәрі-дәрмегін уақтылы қабылдауы керек. Қандағы қант деңгейін бақылаумен қатар, көз дәрігеріне де жүйелі түрде қаралып тұрғаны маңызды.
Зағиптыққа душар ететін себептердің бірі – көздің механикалық жарақаттануы. Осы орайда кішкентай балалары бар ата-аналарға қауіпсіздік шараларына ерекше мән беруді ескерткім келеді. Жақында ауруханаға көзіне қайшы кіріп кеткен бір жарым жастағы сәби түсті. Мұндай жағдай күтпеген жерден болады. Сондықтан қайшы, ине, пышақ секілді үшкір заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет. Осындай ауыр жарақаттар кезінде офтальмохирургтердің басты мақсаты – көз алмасын сақтап қалу, оның анатомиялық тұтастығын қалпына келтіру. Өкінішке қарай, кей жағдайда көзді сақтап қалғанымен, көру қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмай жатады. Сондай-ақ темір кесу, бұрғылау, дәнекерлеу жұмысымен айналысатын азаматтар да көз жарақатымен жиі түседі. Қауіпсіздік талаптарын елемей, арнайы қорғаныш көзілдірігін кимегендіктен, темір жаңқалары мен ұшқындар көзге қадалып жатады. Мұндайда бір сәттік салғырттықтың өзі орны толмас зардапқа әкелуі мүмкін.
Көз – адам ағзасындағы ең нәзік мүшелердің бірі. Оған тиген бір соққының өзі көздің ішкі құрылымдарын, соның ішінде көру жүйкесін зақымдап, көру қабілетінің күрт төмендеуіне немесе мүл-дем жоғалуына себеп болуы ықтимал.
Көз саулығын сақтау үшін дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Балық, көкжидек (черника) және дәрумендерге бай тағамдарды тұтынуға кеңес беремін. Ал қазір кейбір қыз-келіншектер жарнамалық өнімдерге сеніп, көзге арналған түрлі дәрумендерді дәрігердің кеңесінсіз тамызып немесе екпе түрінде қабылдап жатады. Бұл дұрыс емес. Көзге кез келген бөгде затты өз бетінше қолдануға болмайды. Дәрілік тамшыларды тек офтальмологтың тағайындауымен пайда-лану қажет. Өйткені көз – тәжірибе жасауға болмайтын өте нәзік мүше, – деді офтальмохирург.
Облыстық көпбейінді аурухананың офтальмология бөлімшесінде көз ауруларын емдеу, көру қабілетін сақтау және қалпына келтіру бағытында консер-вативті және хирургиялық емдеу шаралары жүргізіледі. Бөлімшеде күніне 12-15 операция жасалады. Бұл – өңір тұрғындарына көрсетілетін офтальмологиялық көмектің маңызды бағыттарының бірі.
Көз жанарының қадірін жоғалтқанда емес, барында бағалап, көз саулығына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Дәрігерге дер кезінде қаралып, профилактикалық тексеруден өту, күнделікті тұрмыста және жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау – көру қабілетін қорғаудың негізгі жолдары. Себебі көз ауруларын ерте анықтап, уақтылы емдеу арқылы жанарды сақтап қалуға болады. Ал жоғалған көру қабілетін қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан көз саулығына бейжай қарамайық!
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»