Бүгін Қарауылтөбе ауылында Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында жаңа тұрғын үйлер салтанатты түрде қолданысқа берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықты, әсіресе әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы игі жұмыстар өз жалғасын табуда. Бұл жолы да Қарауылтөбеде өткен салтанатта осы елді мекенмен қатар Жанама, Көнеккеткен және Базаршолан ауылының тұрғындары су жаңа баспананың кілтін қолына алды.


Ауыл-ел үшін аса қуанышқа толы шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин қатысып, қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Аудан басшысы қарауылтөбелік Асылхан Марат, Нұрхат Тәңірбергенов, көпбалалы аналар: Жанама ауылынан Жұпаргүл Құттыбаева, Көнеккеткеннен Гүлдана Ғұмарова, Базаршоланнан Гүлмира Бақтығалиева, Айбану Қуанғалиға жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады.

Шарада ауыл ақсақалдары ақжарма тілектерін ақтарып, әжелер шашу шашып, ақ батасын берді. Баспана иелерінің атынан А.Марат осындай жақсылыққа себеп болған жандарға шынайы ризашылығын жеткізді.
Қоныс құтты болсын! Шаңырақтарыңыз шаттық пен берекеге толсын!
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы