13.11.2026, 17:15
Оқылды: 6

Ана үмітінен басталған кәсіп

Бүгіндері ауылдағы ағайынның күнкөріс көзі төрт түлікте екені белгілі. Дегенмен мал шаруашылығының машақатынан бойын алыс ұстаған, мамандық игерген кей азаматтардың қора-қопсысы бос тұрғаны да жасырын емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз «Шаруашылық жұмысын бастау туралы ой ұлымның дертіне шипа болады деген үміттен туды» дейді.

WhatsApp Image 2026-11-10 at 12.09.46

Иә, бүгінде кәсібін дөңгелетіп, еңбегінің жемісін көріп отырған азаматтарға сүйсіне қараймыз. Таң сәріден тәтті ұйқысын қиып, бұзау идіріп, сиыр сауып, сауылған сүттен сан түрлі өнім дайындайтын тынымсыз тіршіліктің бейнетін кейбіріміз сезініп те көрмеген шығармыз. Кәсіп десе, оның артындағы табысқа қызығып, қалтаға түсетін қаражатқа бірден елең ете қалатынымыз бар. Ал Бәйтерек ауданы Мичурин ауылының тұрғыны, «Рамазан» ЖК жетекшісі Нәзира Сыдықбаева кәсібін алғаш бастаған жылдары оның ойында ақша табу болмаған. Сондағы бар мақсат-мүддесі науқас ұлын табиғи азық-түлікпен тамақтандырып, денсаулығын оңалту еді.

WhatsApp Image 2026-11-11 at 12.20.024

Нәзира өмірге әкелген төрт перзентінің үшіншісі церебралды сал ауруына шалдығыпты. 2006 жылы жарық дүниеге көрінген Рамазан ем мен ерекше күтімді қажет етті. Баласының дертінен құлантаза айығуы үшін ата-анасы аянып қалмады.

Көршілес РФ-дағы білікті дәрігерлерге барып, тіпті Қытай медицинасына да жүгініп көрді.

Алайда ақ желеңділер осы сал ауруын емдеуге медицина қауқарсыз екенін жеткізіп, ендігі кезекті бүлдіршінді табиғи өнімдермен тамақтандыруға нұсқайды. Кішкентайға қорек болатын өнімдерді сатып алуға отбасының мүмкіндігі де жиі туа бермейтін. Отбасы тірегі Болат Хайырғалиев пойызда жолсерік болып еңбек етеді. Алайда көпбалалы жанұяға әрі ерекше күтімді қажет ететін ұлы бар отбасыға айлық табыспен күнелту жеткіліксіз. Науқас балаларға берілетін әлеуметтік көмек қаражаты да анау айтқандай қомақты емес еді. Оған қоса, баланың дәрі-дәрмегі, денесін ширатуға арналған массаж қызметі және бар. Осылайша 2006 жылы Нәзира жұбайымен бірге сиыр, үй құстарын сатып алып, жанұялық кәсіпті бастап кетеді. Алғашында отбасы мүшелеріне ғана жететін азық-түлік дайындайтын. Кейін көршілері, туыстары қолынан іс келетін кейіпкеріміздің дастарқанынан дәм татып, қызықтап сатып алып, содан соң тұрақты тұтынушыларына айналады.

- Өзім – Алматы қаласының тумасымын. Азаматыммен шаңырақ көтерген соң оның атақонысына көшіп келдік. Сөйтіп, Мичурин ауылында берекелі баспанамызды тұрғыздық. Жылдар өте келе отбасымызда шақалақтар дүние есігін ашып, шаңырағымыз шаттыққа бөленді. Науқас ұлымыздың дерті оңайға соқпады. Рамазанның денсаулығы мен өмірі үшін күрестік. Талай аурухана мен мықты медициналық орталықтардың табалдырығын да тоздырдық. Дәрігерлер ұлымызға енді жақсы күтім көрсету қажет екенін, мәзірде мейлінше табиғи өнімдердің молынан болуын сұрады. Балаларымызды дәруменге бай табиғи және пайдалы өнімдермен барынша қамтамасыз ету үшін күйеуіммен бірге сиыр ұстауды шештік.

Азық-түлік сатып алу қымбатқа түсе бастады, оның үстіне баланың емі мен оңалтуына көп қаражат кететін.

Алдымен бір сиыр, сосын тауық сатып алдық. Кейін сүтті тұқымды тағы бірнеше бас ірі қараға қол жеткіздік. Сүттен ірімшік, қаймақ, сары май, құрт жасадық. Сүт өнімдерін жасаудың өзіндік құпиялары бар, мен оларды тағам дайындау кезінде қолданамын. Өкінішке қарай, кәсіпкер атануыма бірден-бір себепкер болған ұлым Рамазан 2023 жылы қайтыс болды. Балаларым үшін нәзік болмысымды шетке ысырып, қолыма күрек ұстап, кәсіппен шұғылдандым. Амал нешік, Рамазаным небары 17 жыл өмір сүрді. Осы аз ғана ғұмырында мені аналық мейірімге бөледі. Сағынышыма айналды... Балаларымыздың ырыздық-несібесі үшін басталған кәсіп қой. Бастама берекесін беріп келеді, – деді кәсіпкер ана.

Нәзира Сыдықбаева шаруашылық жұмысын ширату үшін жеке кәсіпкерлік құрды. Оның атауын ұлының құрметіне «Рамазан» деп атады. Жеке кәсіп иесі ретінде тіркелген соң, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға да мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру мақсатында қосымша білім алуға талпынып, облыстық кәсіпкерлер палатасының Бәйтерек аудандық филиалына, облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының көмегіне жүгінеді.

Жолы оңынан болып жанашыр жан да табылады. Кейіпкер әңгіме барысында бағыт-бағдар сілтеген Ляна Тұрсыноваға алғысын айтты. Ляна Алексееваның көмегімен «Бастау» жобасы аясында білім алып, арнайы сертификатты еншілеген. Кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ірі қара сатып алу үшін жеңілдетілген несие алады. Осы күндері «Рамазан» жеке кәсіпкерлігінің аясы кеңейген, тұрақты тұтынушылары да жетерлік. Тіпті әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс беретіндер де бар. Республика және облыс көлемінде ұйымдастырылған ауылшаруашылығы форумдарында, көрмелерде үздік деп танылып, көптің назарын өзіне аударып жүр. Былтыр Іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен осы ауданның Байқоныс ауылынан жер теліміне ие болған. Қос ауылдың ортасында үш ай жаз қатынай жүріп, әлгі жерге газ, су, жарық жүйелерін қосып, қоражай да тұрғызып қойыпты. Келер жылы сол ауылға көшіп баруды жоспарлар отыр.

-Тұңғышым Сағынбек – Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың түлегі. Қазіргі кезде өмірде өз жолын тапқан азамат.

Ал қызым Диана төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етсе, кенжем Нұрдәулет 11-сыныпта оқиды. ҰБТ-ға дайындалуда. Кәсіпті дамытуға бүтін отбасымыздың түгел мүшесі күш-қажырын сарп етті. Болашақта ұлымның есімімен аталған осы кәсіпкерлікті одан сайын дамытып, «Рамазан» деген дүкен ашқым келеді, – деді Нәзира Сыдықбаева.

Кәсіптің де артында бір қиындық тұратыны мәлім ғой. Кейіпкеріміздің әңгімесі өзге отбасыларға, әсіресе аналарға үлкен қолдау болары шүбәсіз. Нәзира Сыдықбаеваны мерекесімен құттықтап, ойға алған арман-мақсаттары оңынан орындалып, еңбегінің жемісін көре берсін дейміз!

Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале