«Жыртық үйдің де құдайы бар» деген сөзді Байқоныс ауылдық округының Володар ауылында тұратын Алтынгүл Үмбетова бүгінде жиі айта бастады. Төрт қыз (оның бірі мүгедектігі бар) өсірген жалғыз басты ананың үйі әбден тозып, құлай бастаған еді. Таяуда ол «6060 ауыл» жобасына еніп, қуанышқа кенелуде.

– Володарға 2014 жылы Жәнібек ауданынан көшіп келдім. Төрт жылдан соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ескілеу үй алдым. Көп кешікпей үйдің артқы бөлігі құлай бастағанын көрдім. Күйеу балаларым аз-маз жөндеді. Өзім мектепте жұмыс жасаймын. Соңғы кезде денсаулығым сыр беруіне байланысты қаламен екі ортада жүріп, үйдің жайына көп мән бере алмадым. Дегемен де қыздарыммен бірге әктеп-сырлап, қолдан келгенінше реттеп отырамын. Шатырдан су кетіп, күйеу балаларым оны да жөндеді. Алайда ескі үйдің аты ескі ғой. Саман тас болған соң жыл өткен сайын шөге берді. Үйімнің жанында өскен үлкен теректің бұқтары өзі әзер тұрған үйдің шатырын басып, ол кедергі келтірді. Осыдан он шақты күн бұрын, яғни 4 қараша күні Байқоныс ауылдық округының әкімі Алмас Қоңыровтың ауылымызға келіп жүргенін көріп, оған осы теректі кесу жайын, үйімнің техникалық күйін, өзімнің отбасылық жағдайымды айттым. Жазбаша өтінішімді бердім. Келесі күні ауыл әкімінің орынбасары хабарласып, теректі, үйді қарап кетіп еді. Артынша жас жігіттер келіп, «6060 ауыл» жобасы туралы айтып, үйімді қарап шығып, бұзып орнына жаңасын салып беретіндерін айтқанда сенер сенбесімді білмедім, - дейді Алтынгүл Батырқайырқызы.

«6060 ауыл» жобасының жетекшісі Наурызғали Сапарғалиев болып табылады. Ақжайық ауданының тумасы. Қазір Оралда тұрады, өзінің кәсібі бар. «Біз осыдан екі ай бұрын достарызбен, кәсіпкер бауырларымызбен бірлесіп «6060 ауыл» жобасын қолға алдық, - дейді ол.

- Республикамызда осыншама ауыл бар екен. Сол ауылдардағы газ кірмеген, су тартылмаған, баспанасы әбден тозған, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға барынша қолдау көрсету, жылылық сыйлау мақсатында осынау іске ден қойып жатырмыз. Алғашқы жобамызды өзімінің туған жерімнен, яғни Ақжайық ауданы Базаршолан ауылынан бастадық. Онда Нұргүл деген бір апамыздың үйіне көгілдір отын тартып бердік. Біз ай сайын бір жанұяға көмек көрсеткіміз келеді. Өткен айда Айжайықта болсақ, енді Бәйтерекке келдік. Байқоныс ауылдық округының әкіміне барып, өзімізді таныстырып, жоспарымызды айтқан соң Володар ауылының тұрғыны, көп жылдан бері мұғалім болып еңбек етіп келе жатқан Алтынгүл апамыздың үйіне жөндеу жасау жөнінде ұсынысын айтты. Мұнда келместен бұрын ол кісінің үйінің төбесін, терезесін, есіктерін ауыстырып беруді жоспарлап едік. Баспана жағдайының мәз еместігін, оны жөндегеннен пайда болмайтынын көріп және Алтынгүл Батырқайырқызының жалғызбасты ана, 2-топтағы мүгедек қызы бар екенін естіп, аға-бауырларымызбен ақылдаса келіп, шағын жаңа баспана салып беруге шешім қабылдадық. Ескі үйді құлатып, құрылыс жұмыстарын бастап жатқанда осы бастамамызды әлеуметтік желіге салған кезде осы жақтың азаматтары және басқа да жылы жүректі жандар хабарласып көмектесуге әзір екендерін білдірді. Көпшіліктің, соның ішінде Володар ауылы тұрғындарының көмегімен аумағы 8х8 метр болатын баспананың іргетасын құйып болдық. Енді үш бөлмелі, санитарлық торабы бар үйдің қабырғасын көтеруді бастаймыз. Тас та әкелінді. Жалпы, қазір үйдің құрылысына қажет материалдың бәрі бар. Бұйыртса, тас қалаушы жігіттерден құралған бригада көмекке келмекші. Айта кету керек, Оралдағы дәмханаларда еңбек ететін бауырларымыз тұрақты түрде бізді ас-ауқатпен қамтуда. Мұндағы ауыл тұрғындары да ыссы тамақтарын алып келуде. Баршасына алғысымызды айтамыз. 6 қарашада, қасиетті жұма күні асарлатып салып бастаған үй құрылысын, бұйыртса осы қараша айының соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз».

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, салынып жатқан жаңа үйдің іргетасын көргенде елдік мұратты дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы қалыптасқан кісіліктің көркем үлгісі жоғалмай, жалғасын тауып жатқанына қуанады екенсің.

Наурызғали секілді жастардың бастамасымен қолға алынған жоба діттеген мақсатына жетккей дейміз. Қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болып жүрген ағайынның, соның ішінде володардық тұрғындардың ауызбірлігі қуантады.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
