Бүгін Ақсай қаласындағы «NurArDa» ат спорт кешенінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен әкелер мен балалар арасында «Елін сүйген нағыз ер» атты ұлттық спорттық-мәдени сайыс өтті.

Тағылымды шараның басты мақсаты – әке мен бала арасындағы байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата-бабадан аманат болып жеткен салт-дәстүрлер мен ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау.

Шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Ардақ Сағынғали сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ олар ұлттық мұраны ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ізгі қасиеттерді сіңіруде мұндай шаралардың маңызды екенін атап өтті.

Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, одан кейін садақ ату, қамшы өру және ат ерттеу кезеңдерінде өз өнерлері мен шеберліктерін ортаға салды. Әкелер мен балалар ұлттық өнер мен ат әбзелдерін пайдалану бойынша өзара сынға түсіп, ептілік, мергендік және ширақтықтарын көрсетті.

Ұлттық дәстүр мен отбасылық тәрбиені ұштастырған сайыс қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, әке мен бала арасындағы сыйластық пен ынтымақтастықтың маңызын тағы бір мәрте айшықтады.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы