12.11.2026, 12:30
Оқылды: 0

Қарызсыз қоғам – қаржылық сауаттылықтың кепілі

Сырым ауданында «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық ұлттық жобасы аясында семинар-тренинг өтті.

Қарызсыз қоғам (4)

Жиынның негізгі мақсаты – тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарыз мәселелерінің алдын алу және азаматтарға қаржылық қиындықтарды шешу жолдарын түсіндіру.
Семинарға «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі, қаржы сарапшысы, PhD докторы Анархан Құттығалиева, заң ғылымдарының кандидаты, тренер әрі коуч Зульфия Кубеева және Орал қаласының нотариусы Ару Махметова қатысты.
Кездесу барысында қаржылық тәуелсіздікке жетудің жолдары, отбасылық бюджетті дұрыс басқару, табысты тиімді пайдалану және қарызға тәуелділіктен арылу мәселелері кеңінен сөз болды.
Мамандар қаржылық тәуелсіздікке жетудің негізгі үш қадамына тоқталды. Олар – ақшаны үнемдеу, кіріс пен шығысты дұрыс жоспарлау және қаражатты қажеттілігіне қарай тиімді жұмсау. Сонымен қатар тұрақты түрде депозитке ақша жинаудың маңызы айтылды. Несие рәсімдеу кезінде оның пайыздық мөлшерлемесіне, төлем кестесіне және келісімшарт талаптарына мұқият назар аудару қажеттігі түсіндірілді. Мамандар кез келген құжатқа қол қоймас бұрын оның мазмұнын толық оқып, түсініксіз тұстарын анықтап алуға кеңес берді.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы да айтылды. Бағдарламаның ауылдағы кәсіп бастауға, табыс көзін қалыптастыруға және тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттыруға беретін мүмкіндіктері түсіндірілді.
Жиында заңгерлік сауаттылық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Нотариус Ару Махметова сенімхат беру кезінде ескерілетін жайттар, қарызға ақша беру мен қайтару барысында туындайтын құқықтық мәселелер жөнінде түсінік берді. Әсіресе таныс немесе туыс адамға қарыз берген жағдайда ауызша келісіммен шектелмей, оны заңды түрде рәсімдеудің маңызын атап өтті. Қарыз беру кезінде нотариус арқылы ресми қарыз шартына (договор займа) отыру және қолхаттың дұрыс рәсімделуі екі тараптың да құқығын қорғауға көмектесетіні айтылды.

Қарызсыз қоғам (6)
«Қарызсыз қоғам» жобасы тек тұрғындарға қаржылық кеңес берумен шектелмейді. Жоба аясында несиелік міндеттемелерін орындауда қиындыққа тап болған азаматтармен, сондай-ақ несие беруші банктермен жұмыс жүргізіледі. Қарыз мәселесін заң аясында реттеу, азаматтардың құқықтарын түсіндіру және қаржылық қиындықтардан шығу жолдарын қарастыру бағытында практикалық көмек көрсетіледі.

 

Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале