Шыңғырлау ауданында КСРО спорт шебері Еділ Ишекеновті еске алуға арналған 2013-2014 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы бокстан ашық республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен спорттық додаға еліміздің әр өңірінен 18 команда жиналды. Төрт күнге жоспарланған жарысқа жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара мықтыны анықтайды.
Салтанатты шарада турнирге қатысушы командалар мен төрешілер таныстырылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Жарыстың ашылуында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев пен облыстық спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сабитов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Еділ Ишекеновтің алғашқы жаттықтырушысы Александр Пятин мен облыстық бокс федерациясының вице-президенті Бауыржан Жантілеуев ізгі тілектерін білдірді.

Еділ Ишекенов – аудан спортының тарихында өзіндік орны бар тұлға. Ол 1978 жылы бокспен шұғылдана бастаған. Алғашқы бапкері Александр Пятин жас спортшының бойындағы қабілет пен талантты ерте байқап, оның спорттық жолға түсуіне ықпал етті. Кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Драчтың шақыртуымен 16 жасында Ақтау қаласына аттанады. Мектепті аяқтаған соң Санкт-Петербург қаласындағы Лесгафт атындағы дене шынықтыру институтында білім алады.
Еділ Ишекенов 1987-1988 жылдары КСРО кубогының финалына екі мәрте қатысып, Польша мен Болгарияда өткен халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған. 1987 жылы КСРО спорт шебері атағын иеленген. Оның спорттағы жетістіктері мен еңбек жолы кейінгі буынға үлгі болып қала бермек.

Республикалық турнирге Ақтөбе, Атырау облыстарынан, Бөрлі, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Тасқала аудандарынан және Орал қаласындағы бірқатар спорт клубы мен мамандандырылған спорт мектептерінен командалар қатысуда. Алаң иелері — Шыңғырлау ауданының жас боксшылары да өз шеберліктерін сынға салмақ.
Сара Әділ,
Шыңғырлау ауданы