Орал қаласында Шыңғырлау ауданынан әскер қатарына шақырылған жастарды Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

«Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек, Қарабақтағы ұрыс қимылдарының ардагері, аудандық қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Жангиров, БҚО әуе-десанттық әскері мен арнайы жасақ әскерлері ардагерлері одағының төрағасы Марлен Иманғалиев, ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Файзулла Серипов, ата-аналар мен жастар қатысты.
Салтанатты рәсім Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек жас сарбаздарға сәттілік тілеп, Отан алдындағы борышты өтеу әр азамат үшін абыройлы міндет екенін атап өтті.

Кеш барысында патриоттық әндер шырқалып, ақ тілектер айтылды. Шыңғырлау жұртшылығы атынан сарбаздарға арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды.

Отан қорғау қасиетті борыш.Туған жердің тыныштығы мен ел тәуелсіздігін сақтау, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында әскери қызметтің орны ерекше. Бүгінгі жас сарбаздар ел ертеңінің тірегі, тәуелсіздіктің сенімді қорғаны.

Ел сенімін арқалап, әскери қызметке аттанған жас азаматтарға абыройлы қызмет, мықты денсаулық және туған жерге аман-есен оралуларына тілектеспіз!
Сара Әділ
Шыңғырлау ауданы