Жақында елордадан ақжолтай хабар жетті. Жастар арасында өткен халықаралық «Түркі халықтарының үздік студенті» байқауында М. Өтемісұлы атындағы БҚУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің 3-курс студенті Альфия Бимұхан жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Осы орайда жүлде иесіне хабарласып, құттықтап, байқау туралы кеңінен білдік.

Доданы 31 қазан күні Астана қаласында «Bilim-Orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – білім, ғылым, шығармашылық, спорт әм қоғам ісіне белсене араласып, биіктен көрінген жастарды анықтау, түркі әлемі жастар арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайту және олардың жасампаз идеясын қолдау. Бәйгеге Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстанның 17 облысындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Байқаудың ережесі бойынша үміткер өмірбаяны мен жеткен жетістіктерін дәлелдейтін құжаттар мен фотосуреттер жолдады.
Студенттің сөзінше, былтыр Түркия Республикасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алу мүмкіндігіне ие болған. Бауырлас елдегі сапар оның дүниетанымын кеңейтіп, түрік тілін жетік меңгеруіне үлкен ықпал еткен. Түркі халықтарының тілі мен мәдениетіне әсте қызығушылығы артып, ортақ рухани құндылықтарды терең зерделейді. Жан-жақты шыңдалғаннан кейін аталмыш байқауда бағын сынауға бел буады.
Қазылар алқасы бірінші орынға Альфия Бимұханды лайық көріп, Ақ Жайықтың дарынды қызына «Түркі халықтарының үздік студенті» арнайы төсбелгісін тағып, мүсінше (статуэтка) және ағылшын тілі курсына қатысуға сертификат сыйға тартты.
Альфия Қожамжарқызы Атырау облысынан М. Өтемісұлы атындағы БҚУ-ға мемлекеттік грант арқылы 2024 жылы оқуға түскен. 11 жасынан бастап қағаз шимайлап, өлең жазады. 2021 жылы «Балауса балғын жырларым» атты тұңғыш жыр жинағын басып шығарған.
– Бұл байқау туралы бұрыннан хабардар едім, бірақ қатысудың сәті түспеді. Биыл тәуекел етіп, өтініш жібердім. Туған өлкем мен оқу ордамның абыройын асқақтатып, ауылдан шыққан жастың да үлкен белестерді бағындыра алатынын көрсеткім келді. Меніңше, әрбір жастың өз арманын жүзеге асыра алатын үлкен мүмкіндігі бар. Ең бастысы – соны ұтымды пайдаланып, өзіңе сеніп, бастаған жолыңнан таймау керек. Алдағы уақытта білімімді шыңдап, ана тілім мен әдебиетімді дәріптеп, туған өлкемнің және елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді ол.
Перизат Тілегенқызы,
«Орал өңірі»