Шыңғырлау ауданында білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз әрі білікті бапкер Қази Срымовты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған спорттық шараға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аудан басшысы өз сөзінде ел спортының дамуына үлес қосқан Қази Серғалиұлының есімін ұлықтау мен оның өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету маңызды екенін атап өтті. Республикалық деңгейдегі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 11 команда мен 143 жас спортшы бақ сынауда.

Бұл бәсеке кіші жасөспірімдердің өзара тәжірибе алмасып, спорттық шеберлігін арттыруына зор мүмкіндік береді. Ұстаздық пен бапкерлікті қатар алып жүріп, талай шәкірт тәрбиелеген азаматтың еңбегін кейінгі буын осылайша қадір тұтуда.
Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы