6.11.2026, 16:45
Оқылды: 11

Басқаларға бақыт сыйлауды парыз санаған Бақыт ата

 

Телефоным шыр етті. Арғы жағынан жасы үлкен адамның сабырлы дауысы естілді.

– Бақыт атаңмын ғой. Сенімен сөйлесейін деп едім. Қайдан табам?..

Жасы сексеннен асқан қарияның мені іздеп әуреленгенін қаламадым.

– Ата, сіз ешқайда бармаңыз. Мекенжайыңызды айтыңыз, өзім барамын, – дедім.

Орал қаласындағы Абай даңғылында орналасқан үйге келгенімде, аулада бір қария жүр екен. Бұрын жүзбе-жүз көрмеген адамым. Жерге қайта-қайта еңкейіп, әлденені теріп жүр. Жақындасам, қоқыстың ұсақ-түйек қалдықтарын жинап жүр екен. «Бақыт ата осы кісі шығар» деп топшыладым.

– Ассалаумағалейкүм, Бақыт ата! – дедім.

Қария басын көтеріп, маған қарады. Жүзіне әп-сәтте мейірімді күлкі үйірілді. Осылайша біз алғаш рет кездестік. Бірақ бірнеше минуттан кейін-ақ бұрыннан таныс адамдардай шүйіркелесіп кеттік. Менің назарым әлгі жинап жүрген қоқысына қайта ауды. Сексеннен асқан адамға ауладағы бір жапырақ қағаздың жерде жатқаны неге сонша маңызды? Бақыт атаның жауабы қысқа болды.

– Абай даңғылы тап-таза болу керек. Ол лас болса, бізге сын, ұят қой.

WhatsApp Image 2026-11-06 at 16.48.00

Осы бір ауыз сөз кейін де ойымнан кетпеді.

Өйткені бұл көшенің тазалығы туралы ғана сөз емес еді. Бұл – адамның өзі тұрған жерге, елге (мұқым ғаламшарға) деген жауапкершілігі. Бұл – тәрбие. Бұл – «біреу келіп тазалар» деп қол қусырып отырмайтын буынның мінезі. Бәлкім, Бақыт Наумғалиұлының сексен жылдан асқан ғұмырын түсіну үшін оның өмірбаянындағы қызметтерін түгел санап шығудың да қажеті жоқ шығар. Кейде адамның кім екенін бір әрекеті айтып береді. Бақыт ата осынау жасқа келгенде өздері тұратын көп қабатты тұрғын үйдің ауласын ақы-пұлсыз, тегін тазалап, ондағы гараждардың да алдын, қуыс-қуысын қоқыстан ада қылуды адами парыз санапты. Бұл ісі үшін оған ешкім де алғыс айтпайды екен. Тек бірде бір әйел екі жасар қызын жетектеп бара жатады. Сол кішкентай қыз шауып келіп, «Ата!» деп Бақыт атаға сәлемдеседі. Міне, осы сәт барлығынан артық, осы сәт менің бұл еңбегімнің ақысы дейді қария.

Бақыт Наумғалиұлы 1944 жылдың 18 сәуірінде Орынбор облысының Елек ауданында дүниеге келген. Соғыстың соңғы жылында туған баланың балалық шағы да бүгінгідей мамыражай болған жоқ. Ол буын тіршіліктің ауыртпалығын ерте сезінді, еңбекке де ерте араласты. Жетіжылдық мектептен кейін механизация училищесінде білім алды. Кейін малдәрігерлік техникумды, Орынбор ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Қарапайым механизатор болып басталған еңбек жолы бірте-бірте үлкен жауапкершілікке ұласты. Мал шаруашылығында маман болды, зоотехник болып еңбек етті, шаруашылық басқарды, совхоз директоры болды. Кейін ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін түрлі жауапты қызметтерде жалғастырды.

Қағаздағы өмірбаянға қарасаң – қызмет атаулары көп. Ал солардың арасынан адамның өзін іздесең, бір қасиет қайта-қайта алдыңнан шығады.

Еңбек. Ол төменнен бастады. Оқыды.

Үйренді. Еңбектенді. Өсті. Бірақ биік қызмет адамның қарапайым қалпын өзгертуге тиіс емес екенін де ұмытпаған сыңайлы. Өйткені арада қаншама жыл өткенде, мен кезінде үлкен шаруашылықтарды басқарған сол адамды Оралдағы үйінің ауласынан қоқыс теріп жүрген жерінен кездестірдім. Осы көріністің өзінде тұтас ғұмырдың философиясы жатқандай. Басшы болу – бір кезең. Қызмет – уақытша. Атақ та өтеді.

Ал адамның бойына сіңген тәрбие қалады. Бақыт атаның еңбек жолында бейнет те, жауапкершілік те аз болмаған. Кең даладағы мал шаруашылығының жайын білетін адам оның қандай еңбек екенін жақсы түсінеді. Қыс қаһарына мінсе – ұйқы қашады. Жаз қуаңшылыққа айналса – тағы тыным жоқ. Оның үстіне жүздеген адамның тұрмысы мен шаруашылықтың тағдырына жауап беру – бөлек салмақ. Осындай ортада шыңдалған адам үшін еңбек кейін әдет емес, мінезге айналады. Бақыт атадан мен соны аңғардым. Жасының ұлғайғанына қарап өзін тіршіліктен шеттетіп қойған адам емес. Әлі де айналасына көз салып отырады. Тазалыққа мән береді. Әр нәрсенің өз орнында болғанын қалайды. Мұндай ұқыптылық бір күнде пайда болмайды. Ол – бүкіл ғұмыр бойы қалыптасқан тәртіп.

Үйге кірген соң әңгіменің басқа бір жылуы сезілді. Бақыт ата мен Бәтима апаның ақ дастарқанынан дәм таттық. Кейбір үйге кіргенде оның сән-салтанатына қарайсың. Кей үйде дүниенің көптігін байқайсың.

Ал кейбір шаңырақта ең алдымен адамның жылуын сезесің. Бұл үйден мен сондай жылылықты көрдім. Бәтима апа да саналы ғұмырын еңбекке арнаған жан. Ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде зейнет демалысында. Екеуі бірге ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған ақсақалды әулет.

Бір шаңырақ астында ұзақ жыл бірге ғұмыр кешудің өзі – үлкен мектеп.

Жастықтың қызығы да өтеді. Қызмет те аяқталады. Балалар өсіп, өз алдына үй болады. Сонда қасыңда өмірдің ыстығы мен суығын бірге көрген адамың қалады. Бақыт ата мен Бәтима апаның дастарқанының басында отырып, осыны да ойладым.

Аллаға қараған, әр сәттің бағасын білген қариялардың жанында уақыттың өзі баяулайтындай. Әңгімесін тыңдай бергің келеді. Жандарынан кеткің келмейді.

Бақыт атаның менімен кездескісі келуінің де өзіндік себебі бар екен. Ол өткен өмірін жазғысы келеді. Бірақ өзінің кім болғанын елге жариялап, атақ-дәрежесін түгендеу үшін емес. Немересіне қалдырғысы келеді.

Немересі атасының қандай өмір сүргенін білсе, еңбектің не екенін түсінсе, адам болып қалыптасудың дайын жолы болмайтынын ұқса дейді. Осы тілекті естігенімде, сексеннен асқан қарияның өмірге неге әлі де соншалық жауапкершілікпен қарайтынын түсінгендей болдым. Ол енді өзі үшін емес, артындағы ұрпақ үшін алаң. Соларды ойлайды. Қам жейді. Адамның өмірінде осындай бір кезеңнің келуі заңды. Жас кезде:

«Мен өмірден не аламын?» деп ұмтылады.

Есейгенде:

«Балаларыма не беремін?» деп еңбек етеді.

Ал қартайғанда:

«Артымдағыларға не қалдырамын?» деп ойланады. Бақыт атаның қалдырғысы келгені дүние-мүлік қана емес. Ол өзінің өмір сүру қалпын аманат еткісі келеді.

Қарияның ғұмырында алған марапаттары да бар. Еңбегі мемлекет тарапынан да, ел тарапынан да бағаланған. Қоғамдық

жұмыстарға араласқан, түрлі салада қызмет атқарған. Бірақ мен Бақыт атаның немересі болсам, атамның марапаттарының санын жаттап алудан бұрын бір көріністі жадымда сақтар едім:

Сексеннен асқан атам ауласындағы қоқысты өзі еңкейіп жинап жүр.

– Абай даңғылы тап-таза болу керек. Ол лас болса, бізге сын, ұят қой, – дейді.

Міне, тәрбие! Балаға тазалық туралы жүз рет ақыл айтқаннан кейде бір рет еңкейіп қоқыс көтергенің артық. Өйткені бала сөзді ұмытады. Көргенін ұмытпайды.

Қазіргі заманда мүмкіндік көп. Бірақ мүмкіндік көбейген сайын адамның өзіне қоятын талабы да артуы керек қой. Бақыт аталардың буыны бізге бір қарапайым ақиқатты көрсетіп келеді. Ешкім саған жақсы өмірді дайын күйінде әкеліп бермейді. Оқу керек. Еңбектену керек. Жауапкершілікті мойныңа алу керек. Құлаған жеріңнен тұру керек. Қолыңнан келгенше айналаңа пайдаңды тигізу керек. Бәрі керек. Керек сөзінің қалай оқысаң да мағынасын сақтауының өзі осы жақсылықты білдіріп тұр емес пе?

Ең бастысы – қандай биікке көтерілсең де, адамдық қалпыңды жоғалтпа, сақтай біл.

Бақыт атаның өмірінен мен осыны көрдім.

Оның есімі – Бақыт. Қазақ баласына мұндай атты тегін қоймаған. Әр ата-ана перзентінің бақытты болғанын тілейді. Бірақ ұзақ ғұмыр кешкенде адам бақыттың тек өзіңе берілген несібе емес екенін түсінетін тәрізді. Бақыт – біреуге жақсылық жасау. Бақыт – отбасыңның амандығы.

Бақыт – адал еңбек. Бақыт – балаңның қызығын көру. Бақыт – немереңнің ертеңіне алаңдау. Бақыт – сексеннен асқанда өткен өміріңе қарап, «қолымнан келгенше адамға пайдам тиді» дей алу. Сондықтан менің көңілімде бұл қарияның аты мен болмысы бір-біріне үйлесіп тұрғандай әсер қалдырды.

Басқаларға бақыт сыйлауды парыз санаған Бақыт ата.

Біз Бақыт ата мен Бәтима апаның шаңырағынан сол күні ұзақ әңгіменің жылуын алып шықтық.

Ал ауладан шығарда менің көз алдыма алғашқы көрініс тағы келді. Жерге еңкейіп, қоқыс көтеріп жүрген қария... Мен ол кісіні сол сәтте алғаш рет көрген едім. Ал қазір ойласам, Бақыт ата сол сәтте-ақ өзі туралы көп нәрсені айтып қойған екен. Сөзбен емес. Ісімен.

Мұнайдар Балмолда,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале