6.11.2026, 11:30
Оқылды: 19

Казталов ауданы: Жалпақталда рухани танымдық кеш өтті

Казталов ауданы Жалпақтал Мәдениет үйінде белгілі шығыстанушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбаймен рухани-танымдық кездесу кеші өтті. Айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Ернар Аққалиұлы, аудан көлеміндегі білімге құштар кітапқұмар оқырмандар, кітапханашылар, жастар, ұстаздар мен жоғары сынып оқушылары, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

image-06-11-26-04-26

Рухани танымдық кездесу адамның болмысы мен өмірлік ұстанымы, құндылықтары мен өзектілігі, ұрпақ тәрбиесінде отбасының, кітаптың, ортаның алар орны деген терең тақырыптарға арналды.
Елімізде жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызы ерекше. Кітап оқитын ұлттың ойы озық, танымы терең, рухани іргетасы берік болады.
Танымдық кездесудің басты тақырыбы – «Адам болмысында не бар?» деген сауалға негізделген.
Бұл тақырып төңірегінде ой қозғап, тағылымды дәріс ұсынған шараның құрметті қонағы – «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы, шығыстанушы, ағартушы, жазушы Санжар Керімбай өзінің данагөйлігімен бүкіл аудиторияны жаулап, екі сағат бойына спикерлік қызметін жоғары деңгейде атқарды.

image-06-11-26-04-26-2
Көптің қолына түсе бермейтін руханият өкілімен ынтыға кездескен аудан жұртшылығы жазушымен тікелей жүздесіп, рухани ойларын байытты.
Адам болмысы, оның рухани әлемі, отбасы тәрбиесі мен өмірлік құндылықтары туралы айтылған ойлар әрбір тыңдарманның жүрек түбінен орын алды деп сенеміз.

image-06-11-26-04-26-5
Тәрбиесі мол, тағылымды басқосуды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ернар Аққалиұлы мәртебелі мейманға аудан тұрғындары атынан шынайы алғысын білдіріп, аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың Алғыс хаты мен естелік сыйлық табыс етті.

image-06-11-26-04-26-8
Аудан тұрғындарының рухани өміріне үлкен үлес қосып, бүгінгі кездесуге арнайы келген Санжар Керімбайға разы болған көрермен қауым кеш соңында ағартушымен қимай қоштасып, естелік суретке түсті.

Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале