Батыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің «Отбасы – қоғам – әйел» тақырыбындағы жұмыс кездесулері жалғасуда.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Кездесулер өңірдегі мамандандырылған орталықтар мен халыққа әлеуметтік, психологиялық және өзге де кешенді қызметтер көрсететін мекемелерде ұйымдастырылуда.
Ағымдағы жылдың қараша айында комиссия мүшелері Орал қаласында орналасқан «Ана үйі» ресурстық орталығына барды. Кездесу Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген мәселелер мен белгіленген басым бағыттар аясында өтті.

Кездесу барысында ресурстық орталық өкілдері жұмыспен қамту мүмкіндіктері, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру мәселелеріне назар аударды.
Облыстық комиссия құрамында кездесуге өңірдің белсенді қоғам қайраткері А. Салиева, Батыс Қазақстан облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Н. Қуанышалиева, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж. Абдолов, өңірдегі «Ана үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі З. Шканова, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Т. Рогозина және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша нақты қолдау көрсетуге бағытталған шаралар айқындалды.