Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабы мүшелерінің тұрғындармен кездесуі өтті.

Жиынға «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабы төрағасының орынбасары Азамат Сафималиев, облыстық сайлауалды штаб мүшелері Ербол Салықов, Яна Лұқпанова, Әліби Баяхов, Елжас Қуанышқали қатысты.
Кездесуді аудандық «Әділет» партиясы филиалының басшысы Артур Ермұханов ашып, жүргізді.
Жұртшылықпен жүздесуде Азамат Сафималиев еліміздің даму бағыттарына, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

– Мемлекетіміздің дамуы мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруда азаматтардың белсенділігі мен қоғамның бірлігі маңызды. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру және тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асу партия өз міндетіне алып отырған жұмыстың негізгі бағыттары болып қала береді. Осы бағдардан ауытқымай, алдағы уақытта да елмен бірге болып, туған мекеннің өркендеуі үшін бар күшімізді саламыз, – деді Азамат Сафималиев.

Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлауалды бағдарламаны таныстырды. Бағдарламада әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен қоғам алдындағы жауапкершілік, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуы басымдыққа алынған.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев сөз алып, аудандағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
– Ауданымыздың дамуы үшін жол мәселесі, аудан орталығында жаңа мәдениет ошағын салу секілді маңызды мәселелер шешімін табуы керек. Бұл мәселелер халықтың күнделікті тұрмысымен тығыз байланысты, – деді Максим Жаншаұлы.

Сондай-ақ еңбек ардагері Мұрат Сәрсенов пен Сәлімгерей Сиражев Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің қажеттілігі, сонымен қатар өзеннің арғы бетінен Жайыққа дейінгі жолдың жағдайын жақсарту тұрғындар үшін аса маңызды екеніне тоқталды.

Жиында штаб мүшелері партияның бағдарламалық басымдықтары мен алдағы міндеттері жөнінде ақпарат беріп, тұрғындармен пікір алмасты. Кездесу ашық диалог орнатуға, азаматтардың ұсыныстарын тыңдауға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Дайындады: «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Бектұрған Б.О.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.