3.11.2026, 18:00
Оқылды: 15

Түстер тылысымы

С. Ғұмаров музей-үйінде «Бір ай – бір суретші» жобасы аясында жас суретші Ләззат Айтасованың «Түстер сөйлейтін әлем» атты көрмесі өтті.  

DSC06434

Тағылымды іс-шараға облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр, БҚО Суретшілер одағының мүшелері, БҚИТУ-дың оқытушылары мен студенттері, С. Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебінің ұстаздары мен жас өнерпаздары қатысты.

Музей-үйдің меңгерушісі Жанболат Мұханғалиевтің айтуынша, 2027 жылы қазақ бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасын қалдырған философ, авангард суретші Сәкен Ғұмаровтың туғанына 90 жыл толады. Айтулы күнге орай музей-үйдің ұжымы «Бір ай – бір суретші» тақырыбында мәдени жобаны қолға алған. Іс-шараның негізгі мақсаты – Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығын насихаттау, тәжірибелі суретшілер мен жас таланттардың картинасын өнер кеңістігіне шығару.

Ләззат Бейбітқызы 1996 жылы облыстың Тасқала ауданында дүниеге келген. Алғашқыда бұйығып жатқан талантын ашу үшін би, домбыра, каратэ үйірмелеріне қатысады. Бірақ бала көңіліне медеу болатын, жанына жақын өнер түрін таба алмайды. Әкесі жетектеп С. Ғұмаров атындағы сурет мектебіне алып барғаннан кейін, бейнелеу өнерін жан-тәнімен ұнатады. Аталмыш өнер мектебінде төрт жыл білім алады. «Заманында атам өнер академиясын бітірмесе де, құлпытасқа сурет салғанын көре қалдым. Бойымдағы дарын атамнан берілген болар», – дейді қылқалам шебері. Өлкедегі, қала берді еліміздің алып шаһарларында бейнелеу өнеріне қатысты шеберлердің сабағына қатысып, білімін шыңдаған.

DSC06428

Бойжеткен кейін Орал жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжінде басқа мамандықты игереді. Бірсыдырғы сурет көрмесі мен өнер додаларына қатысып, туындыларын жұртшылыққа таныстырады. 2025 жылы ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған сурет байқауында бас жүлдені олжалайды. Бүгінде бір шаңырақтың түтінін түтетіп, дүниеге сәби әкеліп, басқа салада жүрсе де өнерден алыс кетпеген. Келешекте өзінің жеке студиясын ашып, жас өнерпазға білгенін үйретуді мақсат еткен.

DSC06421

Іс-шара шымылдығын облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр ашты. Аталмыш музей өкілі мәдени жоба төңірегіндегі бағдарламаға тоқталып, жас өнерпазға сәттілік тіледі. Сонымен қатар болашақта музей-үйді заманауи кейіпке сай жөндеу және Сәкен Ғұмаровтың 54 суретін каталогқа түптеу туралы қысқаша айтып өтті.

Суретшіні оймақтай кезінен өнер айдынына қанат қақтырған ұстазы, Сәкен Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебінің педагогі Майра Қуанышкерейқызы сөз алды. Ол шәкіртінің оқушы кезінен талапшыл, еңбекқор, қайтпас қайсар, бейнелеу өнерінің түрлі қырын меңгеруге құштар бала болып өскенін айтып өтті. Талантты шәкіртіне одан әрі кемелденіп, үлкен белестен көрінуіне тілеулестік білдірді.

Мәдени жиынға келген меймандар қылқалам иесінің көрмеге қойылған «Махаббатқа апарар жол», «Шай үстіндегі ой», «Бір әлем – төрт тағдыр», «Жарық гүлденетін сәт», «Теңіз сырын», «Жан сәулесін», смоладан құйылған әсем сағат қоллекцияларын тамашалады. Кеш кейіпкері әр суреттің тарихынан сыр шертті.

DSC06414

БҚИТУ-дың студенттері шығармадан адамның жалғыздығы, алуан түрлі көңіл күйі, қилы тағдыры, келер күнге үміті, табиғаттың әсемдігін қанық реңдер, көлеңкенің қиғаш түсуі, пішінге бос кеңістік қалдыру арқылы бейнелегенін айтып, ой қорытты. «Адам суреттен өз дүниетанымына қарай ой түйеді. Суретші таза реңнен гөрі, түрлі-түсті қосу арқылы бір түс шығарған», – десті аталмыш оқу ордасының жастары. Ал БҚО Суретшілер одағының мүшесі, суретші Бақтығали Оразов көрмеге қойылған суреттің композициясы мен таза түстерді араластырып, күрделі рең шығара білген жас суретшіге талмай ізденуге ақыл-кеңесін айтты. Сонымен қатар Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығын насихаттап жүрген музей ұжымына алғыс білдірді.

DSC06423

Мәдени кештің иесі Ләззат Бейбітқызы өнер мектебінің жас өнерпаздарына шеберлік сағатын өткізіп, жиынды қорытындылады.

 

Перизат Тілегенқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале