Оралдағы «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов сөз алып, сала мамандарына ізгі тілегін жеткізді. Қоғамда мейірім мен ізгіліктің орнауына үлес қосып жүрген әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің еңбегі ерекше маңызды екенін атап өтті.
– 2011 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Мен бұл сала мамандарының жүрегі жылы, жаны жомарт, ниеті ізгі қасиеттерін ерекше атап өткім келеді. Әлеуметтік қызметкер болу ерекше төзімді, мейірімді, жанашыр және жауапкершілігі жоғары болуын талап етеді. Сіздер әлемдегі ең ізгі әрі қиындығы мол мамандықтың бірін таңдадыңыздар. Әлеуметтік қызметкер – тек кәсіп иесі емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейірбан жан. Сіздерді жүрекке жылу сыйлайтын кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! – деді облыс әкімнің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы.
Бүгінде облыстың әлеуметтік қорғау саласында 33 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, 13 мансап және 13 отбасын қолдау орталығында 3 мыңға жуық адам еңбек етіп келеді. Жыл басынан бері 5997 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Биыл 21 мыңнан астам адам жұмысқа тұрды. Жастар тәжірибесіне – 938 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 478, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 2 943, «Күміс жас» жобасына 237 адам жолданды. Соңғы үш жылда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы 1 256 адамға 1,7 млрд теңгеге мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген.
Салтанатты іс-шара барысында саланың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерге облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің марапаттары табысталды. «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» ҚБ төрағасы Жұмажан Қожжановқа аталған министрліктің «Еңбек ардагері» медалі берілді. Бөкей ордасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ерболат Сержанов осы ведомствоның «Салаға қосқан үлесі үшін» медалін өңіріне тақты. «Бәйтерек» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шаруашылық ісінің меңгерушісі Дәулет Ахметқалиев, «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Кемел Садбеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің басшысы Аслан Биғалиев, Бөрлі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі халыққа арнаулы қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Гүлмира Қазықанова және басқалар облыс әкімінің алғысхатына ие болды.
Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова да бірқатар қызметкерге марапаттар табыс етті. Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Талшынай Жүніс ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасына ие болды. «Қызмет» БҚО мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері-нің салалық кәсіподағының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас мамандары Земфира Емельянова мен Асылхан Құрманалиев, Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қарттар бөлімінің медбикесі Меңдіғаным Сәрсенғалиева марапатталды.
Салтанатты іс-шарада Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония әншілері мен саланың өнерпаз қызметкерлері әннен шашу шашты.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»