Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы БҚУ-да көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Серікқали Шарабасовтың туғанына 80 жыл болуына орай «Серікқали Шарабасовтың ғылыми, әдеби, публицистикалық мұрасы және қазіргі әдебиеттану мен лингвистиканың жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің форумы өтті. Келелі жиынға ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары, Серікқали Ғабдешұлының ұлы Жайық Шарабасов, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, Түркия Республикасынан бейнебайлыс арқылы Қыршехир Ахи Эвран университетінің «Абай атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениеті» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD докторы Осман Қабадайы қатысты. Сондай-ақ әдебиеттанушы ғалымдар, тіл мамандары, ЖОО-ның оқытушылары, докторанттар мен магистранттар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері және ғалымның отбасы келді.

Ауқымды іс-шараның мақсаты – тілге шешен, ойы көркем, рухани ой-өрісі бай әдебиеттанушы ғалымның ғылыми, әдеби, публицистикалық мұрасын дәріптеу, қазіргі әдебиеттану мен лингвистиканың жаңа парадигмаларын талқылау және ғылыми тәжірибе алмасу.
Халықаралық ғылыми-теориялық конференция аясында қазақ әдебиеттануының даму бағыты, әдеби мұраны зерттеудің заманауи әдіснамалары, тіл білімі мен әдебиеттанудағы жаңа ғылыми парадигмалар, ұлттық руханият пен мәдени құндылықтарды сақтау, насихаттау мәселелері қарастырылды.

Конференция пленарлық мәжілістен басталды. Дәстүр бойынша ұстаздың жарқын бейнесін халық жадында жаңғыртып, шығармашылық әмбе өмір жолынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Университет ректорының міндетін атқарушы Гүлжаһан Қайсағалиева сөз алды. Басшы ғалымның ғылыми идеясы, қоғамда атқарған істері, азаматтық парасаты мен шыншылдығын және студенттердің шығармашылығын шыңдап, сөз өнеріне баулыған қырына тоқталды.
Құттықтау сөз халықтың «Ақ шағаласы» атанған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерейқызына берілді. Қазыналы қара сөзді зерттеген ғалым хақында көңілді тербейтін естеліктерді әңгімелеп, осындай бекзат болмысты ұстаздар жүрген институттың беделін жұмыла көтеруге шақырды.
– Заманында Пушкин атындағы Орал институты республикадағы жоғары оқу орындары арасынан білім-ғылым бойынша үшінші аталатын. Бұл жерде сайдың тасындай болған Ғ. Әбуханов, С. Ақмурзин, М. Тілеужанов секілді ұстаздар тәлім берді. Білім қызметкерлерін ұстаз, мұғалім, оқытушы десек, Серікқали Шарабасов нағыз ұстаз бола білді. Еліміздің қай жеріне табан тіресем де, оның шәкірттерін көремін. Неге ғалымды дәйім ерекше ілтипатпен еске алып отырады? Өйткені ол – студенттерін өз баласындай жақсы көрген, өте қарапайым адам. Студенттерді «Мына жерде Қасымның, Алаш зиялыларының, Мәншүктің алақанының табы қалған» деп музейге апарып, Жайықтың жағасында дәріс оқып, асыл сөз өнерін байыппен түсіндіретін. Ол әдебиетті оқыта жүріп, студенттердің білімді болғанын қалап, отбасылық бақытқа кенелуін тілейтін. Мұндай ұстаздар еш ұмытылмай, көңіл көзінде мәңгі сақталады, – деді Ақ Жайықтың қаламгері.
Ғылыми конференция таудай әдебиеттанушы ғалымдардың әдебиет теориясы мен поэтикасы хақындағы баяндамаларға ұласты. Нұрдәулет Ақыш «Батыс Қазақстан қаламгерлері шығармаларындағы дискурстік ұстанымдар» төңірегінде Серікқали Ғабдешұлының Алматыдағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған кандидаттық диссертациясы арқылы әңгіметанудағы ойды жеткізу стилі мен зерттеу мәнерін саралады. Ол әдебиеттанушының «Қазақ әдебиеті»
газетіндегі тіл туралы мақалаларын оқығанын, содан алғаш рет профессор еңбектерімен танысқанын тілге тиек етті. Қылышынан қан тамған империалистік идеологияның заманында әдебиетшінің: «Неге қазақтың тілі алдыңғы қатарға шықпайды? Неге өз жерімізде сақ жүруіміз керек?» – деп жазған өзге қаламгерлер де қолдаған мақаласын оқып, оның ағартушылығынан бөлек, қайраткер қалыбын да қоса айтты.

– Кеңес тұсында көркем кейіпкерлерді «жағымды» және «жағымсыз» деп екіге жарды. Жағымсыз – коммунистік рухты қолдамайтындар болса, ал қолдайтындар жағымды кейіпкерге телінді. Ғалым диссертациясында: «Белгілі бір дәрежеде адамның мінез-құлқын тар шеңберге сыйдырып қоюға болмайды. Өйткені адамның мінез-құлқы өте күрделі. Жағымды деген адамнан да жылт етіп кеспірсіз мінез көрініп қалады», – деп бірқос әдебиетші елей бермейтін ұсақ детальдарға аса мән берген. Диссертацияны қорғарда сол кезеңдегі сүттің қаймағындай болған беделді ғалымдар қатысты. Серікқали аға әңгіме жанрын ұқыпты зерделеуден бөлек, махамбеттанушы болды. Махамбет Өтемісұлының жырын зерттеуді Қажым Жұмалиевтің 1939, 1948, 1951, 1958, 1962 жылдары шыққан мақалаларынан бастайды. Әрі қарай өрістетіп, қарапайым адамдардың, соның ішінде бөкейлік мұғалімнен дауылпаз ақынның бұрын естімеген шумақтарын теріп алған. Ғалым мақалаларды жалаң жазбай, әдеби деректерге сүйенеді. Махамбеттің жырындағы Исатайдың бейнелеу мәнерін аса қатты тебіреніп жазады. Оның ғалымдығы бір төбе, очерк жазу стилі бөлек әңгіме, – деді әдебиеттанушы ғалым.

Содан соң БҚИТУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «Профессор С. Шарабасовтың ғылыми және көркем әдеби дара стилі хақында» атты ғалымның ғылыми мұрасы, ойлау жүйесі, баяндау мәнеріне тоқталды. Әдебиетшінің ғылыми зерттеулерін алға тартып, әдеби құбылысты жеке талдамай, қоғамдық орта, ұлттық санамен байланыстыра талдайтындығын айтып өтті. Сондай-ақ ойды құрғақ ғылыми тілмен ғана емес, ұлттық бояуы қанық метафора, шешендік оралым, сезімге әсер ететін бейнелі сұлу сөзбен жазу ерекшелігін де ұмытпады.
– Зерттеушінің ғылыми стиліндегі маңызды тұсы – ұлттық дүниетанымның басымдығы. Әдеби туындылардағы тарих жад, ұлттық мінез, дәстүр мен адамгершілік құндылықтарын өзара бірлікте қарастырады. Ғылыми талдауды көркем бейнемен ұштастырады. «Көркем ойдың алтын тамыры», «Жазушы лабораториясындағы қайнап шыққан шығарма», «Ұлы дала», «Ата кәсіп», «Әдеби түрен», «Алтын қазық», «Дархан мінез» секілді сөз тіркестерін қолдану – ұлттық дүниетанымды танытады. «Трагедия түтеп тұр» деп аутордың эмоциналды, тосын, батыл бағалауынан сыншылдық үн байқалады. «Ой қайнайды, шығарма шынығады, мәселе маздайды, әдеби түрен өткірленеді, трагедия түтейді» деп күрделі ойды заттандырып, стильге жанды қасиет дарытады. «Соны айшық, қазақы өрнек, салқын ой, салқын дидактика, жаңа лирикалық бояу» деп қосарлы және үш таған анықтауыш сөздерді пайдаланады. Ғалымның жазбаларында ғылыми, көркем әдеби, публицистикалық стиль үйлесім табады, – деді профессор.
Серікқали Шарабасовпен бірге иық тіресіп еңбек еткен профессор, филология ғылымдарының докторы Зейнолла Мүтиев «Профессор Серікқали Шарабасов зерттеулеріндегі қазақ әдебиеттануының мәселелері және көркем прозадағы ізденіс» атты баяндамасын оқыды. Ғалымның «Көкжиек», «Ой толғақ» кітаптарына сілтеме жасай отырып, оның зерттеушілік және шығармашылық тұлғасының төрт қырын атап көрсетті, яғни оның әдебиеттанушы-сыншы ретіндегі ізденістері, эссе жазу шеберлігі, публицистикалық қаламының қарымы мен жазушылық қырын атап көрсетті. Баспасөз беттеріндегі жарияланған «Әдемілік пе, әдейілік пе?», «Қазақ фольклоры және әңгіме», «Ертегі әңгіме һәм әдеби ертегі», «Характерлер тоғысы» және тағы басқа еңбектері арқылы ғылыми тұжырым келтірді. Жазушының белгілі қаламгерлердің жазу шеберлігі, шығарманың этнографиялық және философиялық бағыты, қазыналы сөзді қолдану реті, фольклорлық әңгіме тарихын зерттеу, сұлу сөзді тере отырып, орашолақ орамдарды дәлелдеп көрсету шеберлігін баяндады. «Әдебиеттанудағы ізденісінің бір қыры – «Шындық пен шешім», «Шоқан және Сібір», «Зерделі ғалым, зергелі жазушы», «Кім кінәлі?» сияқты еңбектерде эссе табиғатына сәйкес келетін көркем мінез, көркем әдебиет, эстетикалық талғам таразыланған», – деді профессор. Одан бөлек публицист, жазушы ретінде айрықша идеяны шебер жазу, композиция, әдеби толғаныстар арқылы оқуға ұғынықты, тілі жеңіл еңбектеріне тоқталды.
Конференцияда әдебиет тақырыбын қаузап жүрген ғалымдарға сөз берілді. Филология ғылымдарының докторы Рита Сұлтанғалиева «Әдебиетші ғалым С. Шарабасов зерттеулеріндегі қазақ әңгіме жанрының поэтикасы және концептуалды мәселелері» хақында сөз қозғады. Әдебиетші 1956-1990 жылдардағы әңгіме жанрын қамтитын «Қазақ әдебиетінің он томдық тарихы» кітабының 9-томына енген мақалаларға сүйеніп талдады. «Характер психологиясы және жанр эволюциясы», «Анималистік проза және экологиялық парадигма», «Мифопоэтика және фольклорлық сабақтастық» атты үш бағытта зерделеді. XX ғасырдың екінші жартысындағы прозалық жанрларды, әсіресе шағын көлемді әңгіме жанрының поэтикасын зерттеуде Серікқали Шарабасовтың орны ерекше екенін айтып өтті. Ғалымның ғылыми ізденісінің өзегі – қазақ әңгімелеріндегі характер жасау шеберлігі, жанр спецификасы, әңгіме жанрын дамытуға қосқан үлесі туралы саралады.
– Серікқали Шарабасов 1960-1970 жылдарда әңгіме жанрының мазмұн және түр жағынан байығандығын айтады. Көтерген мәселелері батыл да өткірлігімен және ашықтығымен ерекшеленеді. Жалаң өндірістік мәселелер ысырылып, адамның өмірдегі орны, ісіне бетбұрыс жасалады. Нәтижесінде лиризм мен психологизм күшейе бастайды. Нақтылыққа, аз сөзділікке, дәлдікке бет бұру – көркем детальға көп көңіл бөлінді. Бұл жылдардағы әңгіме жанрындағы басты ерекшеліктер – проблемалық, әлеуметтік таңдауда көрінді. Жазушылар әлеуметтік талдау негізінде ұлттық мінезді ашуға, адамның жан-дүниесін психологиялық тұрғыда танытуға ұмтылды. Әр жанрды жан-жақты зерттеп, әңгіме жанрының өткені мен бүгінін және болашағын сабақтастыра қарастырады. Сондай-ақ ғалым болашақта эпиканың шағын түрі – әңгіме жанрының талай қыры ашылатынын жазып кеткен, – деді Рита Бекжанқызы.
Бауырлас Түрік елінен Осман Қабадайы бейнебайланыс арқылы сәлемдеме жолдады. Ғалым Қазақстан мен Түркияның арасындағы академиялық байланыстың жаңа кезеңіне тоқталды. Екі ел ортасындағы мәдени байланысқа негіз болған қазақтың біртуар қайраткерлерін тілге тиек етті. «Айтулы конференция – ғалымның жеке ғылыми мұрасын еске алып қана қоймай, оның қалыптастырған ғылыми дәстүрін қазақ әдебиеттануы мен тіл біліміндегі жалғастығын бағалауға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми оқиға», – деп сөз бастады. Серікқали Ғабдешұлының ғылыми мұрасындағы адам бейнесі, кейіпкер тұлғасын ашудағы көркемдік ізденістерді қысқаша түсіндірді. Екі университет арасындағы академиялық ынтымақтастық бағытында атқарылып жатқан жобаларға тоқталды. Әдебиеттанушы ғалымның айтуынша, «Магистрлік қос дипломды» білім беру бағдарламасын ашу жоспарланған. Бұл жоба – мәдениет, өнер, әдебиет арқылы екі бауырлас халықтың достығының жарқын үлгісі. Болашақта әдебиет ғылымы бойынша докторантура, аспирантура ашу жоспарда бар екенін айтып өтті.

Конференцияда ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары, Серікқали Ғабдешұлының ұлы Жайық Шарабасов ұйымдастырушыларға, ғылыми теориясын зерттеген ғалымдарға және басқосуға келген шәкірттері мен әріптестеріне алғыс білдірді. Вице-министр Оқу-ағарту министрлігі атынан «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін Мұрат Сабырдың, Зейнолла Мүтиевтің, Ернар Қатаевтың, Рита Сұлтанғалиеваның және Абат Қыдыршаевтың өңіріне тақты.
Серікқали Шарабасовтың ғылым жолының ауыртпалығын тең көтерген зайыбы Әспет Өтеғалиқызына университет атынан иығына шапан жауып, ақ жаулық тартты. Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин ардагер ұстаз Әспет Өтеғалиқызына «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіні тақты. Ғалымның зайыбы өз кезегінде көшеге Серікқали Шарабасовтың атын беріп, белгітас қойғандарға, ғылыми конференцияны ұйымдастырған ізгі жандарға алғыс білдірді.
Серікқали Ғабдешұлының шарапаты мен тәлімін көре қалған Үзілдік Елеубайқызы бастаған аға буын мен жас буын шәкірттері филология факультетінің студенті Гүлден Қадироваға Серікқали Шарабасов атындағы 100 000 теңге көлеміндегі бірреттік шәкіртақы ұсынды.
Ғылыми конференция секциялық отырыстарға жалғасты. Бұл басқосуларда Серікқали Шарабасовтың ғылыми, әдеби публицистикалық мұрасы, әдебиет теориясы, әдебиетаралық байланыс және аударма, лингвомәдениеттану және дискурс, тіл мен әдебиеттегі білім берудің жаңа технологиялары хақында ұтымды ой-пікірлер айтылды. Білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, оқыту үдерісіне инновациялық әдістерді енгізуге, педагогтердің кәсіби тәжірибесін таратуға және жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің форумы да өтті.
Перизат Сариева,
«Орал өңірі»