Сырт көзге байқала бермейтін, бірақ қоғамның қалыпты өмірі мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды саланың бірі – күзет қызметі.
Күзет қызметі ұйымдарының жұмысы нысанды жай ғана бақылаумен шектелмейді. Күзетшілерге жоғары кәсібилік, жедел шешім қабылдау және заманауи технологияларды меңгеру талап етіледі. Өйткені кез келген төтенше жағдаймен, қауіп-қатермен ең алдымен күзетшілер бетпебет келеді. Бірақ кейде ойға келмеген қызық жағдай да болуы мүмкін.
– Қаладағы біз күзететін дүкеннің бірі көше жолынан 50 метрдей жерде орналасқан. Ал оның қасбеті әйнектен жасалған. Бір күні мынадай жағдай болды. Күзетшінің айтуынша, көз алдында әлдене жалт еткен де, әйнек уатылып түскен. Ол көзімді ашып-жұмып та үлгермедім дейді. Сыртқа шығып қараса, ешкім жоқ. Ішке үңілсе, бір дөңгелек қана жатыр. Сөйтсе, көшеде зырлап бара жатқан көлік арбасының бір дөңгелегі шығып, ұшып кетіпті, – деп есіне алды «Ермак Күзет» ЖШС жетекшісі Олег Дубков.

Оралдағы бұл күзет компаниясы негізінен ұйымдарды, кәсіпорындар мен базарларды күзетеді. «Біз кафе-мейрамханаларды күзетпеуге тырысамыз. Себебі кафелерде мәселе көп. Ұрыс, жанжал, тіпті төбелес болады. Мысалы, рұқсат етілмеген жерде темекі шегіп тұрған жастарға ескерту айтсаң, ұрыс шығарады. Тіпті бас салып, төбелесуі мүмкін. Ал ұйымдарда, кәсіпорындарда адамдар мен көліктер арнайы рұқсат қағазбен кіріпшығады. Әрине, мұндай нысандардың аумағында да адамдар шу шығаруы мүмкін. Ескертуге құлақ аспай жатса, арнайы түймені басып, жедел әрекет ету тобын шақырамыз. Полицияның да көмегіне жүгінетін кездер болады. Біз білім беру ұйымдарын күзетпейміз. Себебі оларға белгілі бір категорияға жататын адамдарды таңдау қажет шығар. Ең болмаса, бұрынғы педагог болуы керек деп ойлаймын. Себебі балалардың болмысын түсініп, олармен тіл табыса білу керек. Жалпы бүгінде күзет саласында жұмыс істейтін жастар некен-саяқ. Көпшілігінің жасы негізінен 35-тен асқан.
Жастарға қарағанда зейнеткерлердің жұмысы көңілден шығады. Олар әлдеқайда жауапты, салмақты», – деді Олег Дубков.
Облыстық ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Казеновтың айтуынша, облыста 118 күзет ұйымы бар. Соның 34-і уақытша қызмет атқармайды. Өңірде 4934 мекеме күзетіледі. Банктер, стратегиялық маңызы бар және өндірістік нысандар қарумен күзетіледі. Оралдағы мектептердің барлығы жеке күзетке алынып, полиция басқармасындағы дабыл тетігіне қосылған.
– Мектептерде бұл салада қиындықтар бар. Себебі бір күзетші отырады. Ал бір адамның кіріп-шыққан баланың бәрін тексеріп отыруға мүмкіндігі жоқ. Әр қабатта екі-үш күзетшіден болса, жақсы болар еді. Әрине, мұның бәрі қаражатқа барып тірелетіні белгілі. Барлық мектеп орталықтандырылған бақылау пунктіне қосылған. Оқыс оқиға кезінде жедел дабыл тетігін басқанда полиция мен күзет ұйымына хабар түседі. Қазіргі таңда түнгі клубтарды жеке күзет ұйымдары күзетпейді. Жеке кәсіпкерлер жас жігіттерді өздері жалдайды. Күзет қызметін пайдалануға қаражат жоқ дейді немесе басқа да себептер айтады. Өйткені мұндай орындарда тек демалыс күндері кісі көп болады, – деді полиция полковнигі.
2000 жылы қабылданған «Күзет қызметі туралы» ҚР заңында күзет қызметінің құқықтық негіздері, күзетшілердің мәртебесі мен өкілеттіктері нақтыланған. Олар азаматтардың өмірі мен денсаулығын қылмыстық және басқа да заңсыз әрекеттерден қорғайды. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкін заңсыз қол сұғушылықтардан сақтайды. Ал күзет ұйымдары кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан, оларды мемлекеттік бақылау мен тексерудің жалпы тәртібі ҚР Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі.
Мемлекеттік маңызы бар және стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін ішкі істер құрылымдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, облыстық әкімдік, облыстық сот пен прокуратура сынды мекемелер бар. Олардың қатарында атын айтуға болмайтын да стратегиялық нысандар тұр. Полиция қызметкерлері ғимараттардың осал тұстарын тексеріп, террористерге, лаңкестерге қарсы сақтық шараларын жүргізеді.

– Күзетілетін нысанға келген азаматтар мұқият тексеріледі. Мысалы, сот талқылауына эмоционалдық және психологиялық жай-күйі сан алуан адамдар келеді. Ашулы болуы мүмкін. Сондықтан олардың қолында заңға қайшы заттардың бар-жоғы мұқият тексеріледі. Кейбіреулер кішкентай пышақ, біз, қайшы, газ баллон, оттық әкелуі кәдік. Бірнеше жыл бұрын біздің қызметкерлер күзететін нысанға бір әйел адам келіп, өзінің талабын қойды. Тиісті мамандар сөйлесіп, мәселені реттегендей болды. Бірақ ол келесі күні қайтадан келді. Қолында бір литр бензині бар. «Талабымды орындамасаңдар, өзімді өртеймін» деді. Күзеттегі полиция қызметкерлері от тұтатқан әйелді аман алып қалды. Олар осындай адамдармен жиі бетпебет келеді. Барлық қауіп-қатерге ең бірінші болып күзетшілер қарсы тұрады. Ал күзетілетін нысандардағы заттарды рұқсат құжатынсыз алып шығуға болмайды. Осылай жасаған мекеме қызметкерлеріне айыппұл да салынды, – деді ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитеті БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ақболат Кеңесов.
Ақболат Темірғалиұлының айтуынша, облыстағы мемлекеттік күзетке алынған 21 нысанды 400-дей полиция қызметкері күзетеді. Мамандандырылған күзет қызметіне жасы 18-35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Қыз балалардың бойы 1 метр 65 сантиметр, ер балалардың бойы 1 метр 70 сантиметр болуы тиіс. Алдымен үміткерлердің құжаттары зерделенеді. Округтік әскери-дәрігерлік комиссиядан өткендердің психологиялық жағдайы тексеріледі. Бұл сынақтардан сүрінбегендер Шымкент қаласындағы ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығына алғашқы даярлық курсына жіберіледі.
– Қызметкерлер атыс қаруымен, қорғаныс құралдарымен жарақтанады. Бұл ретте «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР заңының 61-бабы (Атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану) басшылыққа алынады. Ең бірінші мақсат – күзетілетін нысанды қорғау. Қазіргі уақытта мамандар жеткілікті. Жастар бұл салаға көбінесе қызығып келеді. Жұмыс жеңіл деп ойлайды. Бірақ әркімге жүктелген міндет бар. Сол кезде қиналады. Ал кейбір жастар жан қинамай, жеңіл ақша тапқысы келеді. Негізі жұмыс істеген адамға бәрі оңай. Бастысы, адамның ниеті мен мақсаты болуы керек. Жалпы полиция қызметкерлерінің моральдықпсихологиялық ахуалы жоғары болуы тиіс. Оларға қойылатын басты талап – тәртіп. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Баршаға ортақ «Заң мен тәртіп» қағидасы басшылыққа алынуы керек. Айта кету керек, биыл ішкі істер құрылымдарының күзет қызметінің құрылғанына 74 жыл толады, – деді полиция подполковнигі Ақболат Кеңесов.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»