4.11.2026, 17:45
Оқылды: 11

Қаратөбеде «Таза Қазақстан» акциясы мен қайырымдылық айлығының қорытындысы шығарылды

 

Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен аудан әкімдігінің кеңейтілген кеңесі өтті. Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында өткен жиында санитариялық-экологиялық айлық аясында атқарылған жұмыстар мен «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығының қорытындылары қаралды.

 IMG_4063

Кеңесті ашқан аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңыздылығына тоқталды. Елді мекендердің тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ тазалық мәдениеті әрбір тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін айтып, туған жердің көркеюіне барша азаматтың үлес қосуы маңызды екенін жеткізді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ермек Сайнов санитариялық-экологиялық айлық барысында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан орталығында 27 рет сенбілік ұйымдастырылған. Сонымен қатар тұрғындарға өз үйлерінің айналасын таза ұстап, санитариялық талаптарды сақтау жөнінде ескертулер берілген. Ауыл аумағындағы апатты жағдайда тұрған 5 тұрғын үй бұзылып, орындары тегістелген. Елді мекенді абаттандыру мақсатында тал егу жұмыстары да жүргізілген.

Жиында аудан орталығының тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және абаттандыру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Кеңестің екінші мәселесі «Мейірбандық күндері» аудандық қайырымдылық айлығының қорытындысына арналды. Бұл бағытта аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Аудан әкімінің орынбасарының мәліметінше, қайырымдылық айлығы аясында бірқатар игілікті шаралар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерде ардагерлермен кездесулер өткізіліп, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілген. Сондай-ақ аудан мекемелерінде түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған.

Мерекеге орай Орал қаласындағы қарттар үйіне ауданнан арнайы өкілдер барып, ондағы қарияларға ізгі тілектерін жеткізіп, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынған. Бұдан бөлек, қайырымдылық айлығы барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған отбасыларға жергілікті кәсіпкерлер тарапынан көмек көрсетілген.

Жиын соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еділбек Есқали мерзімді баспасөзге жазылу науқанының жүріп жатқанын хабарлады. Ол жергілікті басылымға жазылудың маңыздылығын атап өтіп, аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерін аудан тынысынан хабар беретін газетке жазылуға шақырды.

IMG_4068

Кеңес барысында көтерілген мәселелер туған өлкенің тазалығын сақтау, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету және жергілікті ақпарат кеңістігін дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Кеңесті қорытындылаған аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев тазалық та, қайырымдылық та – бір реттік науқан емес екендігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.

 

С.Хасанов,

Қаратөбе ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале