Туған жердің топырағында тұнып жатқан тарих пен табиғи байлықты танып-білу – ұрпаққа аманат. Қаратөбе өңірінің саз балшығынан қыш құмыра жасап, көне қолөнер дәстүрін жаңғыртуға бағытталған бұл бастама – соның айқын дәлелі.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қыштан жасалған бұйымдардың орны ерекше. Ата-бабаларымыз саз балшықтан құмыра, көзе, тостаған, құман секілді күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнерге айналдырған. Бүгінде сол дәстүрді жаңғыртып, туған өлкенің табиғи байлығын тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстардың маңызы артып келеді.

Осындай игі бастамалардың бірі Қаратөбе ауданында жүзеге асырылуда. Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Базарбай Арнұр көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ернұр Базарбайұлының жетекшілігімен «Қаратөбе қыш құмырасы» атты зерттеу жобасын қолға алған.

Жобаның негізгі мақсаты – туған өлкенің табиғи байлығы саналатын саз балшықтың қасиетін зерттеу, оның қыш бұйым жасауға жарамдылығын тәжірибе жүзінде анықтау және ұлттық қолөнерді жаңғырту.
Зерттеу барысында Қалдығайты өзенінің жағалауынан саз балшық алынып, оның құрамындағы қоспалардан тазарту, кептіру, илеу жұмыстары жүргізілген. Дайындалған шикізаттан дәстүрлі әдіспен қыш құмыра жасалып, табиғи жағдайда кептірілген. Соңғы кезеңде арнайы пеште жоғары температурада күйдірілген.

Нәтижесінде қызыл түсті, берік, өзіндік ерекшелігі бар қыш құмыра дайындалды. Оның тағы бір қызықты қасиеті – саусақпен жеңіл шерткенде дыбыс шығаруы. Бұл – дайын бұйымның өзіндік ерекшелігін танытатын белгілердің бірі.
Төртінші сынып оқушысы үшін мұндай зерттеу жұмысы үлкен ізденісті талап етеді. Арнұр саз балшықты жинаудан бастап, оны тазарту, илеу, құмыра пішінін қалыптастыру, кептіру және күйдіру кезеңдерімен танысып, қолөнердің қыр-сырын меңгеруде. Жоба барысында ол тек дайын бұйым жасауды ғана емес, табиғи шикізатты зерттеуді, тәжірибе жүргізуді, өз жұмысының нәтижесін бағалауды үйреніп келеді.
Жобаның жүзеге асуына бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтқан Шоқанаев Қасымхан Талаптанұлының да қолдауы ерекше. Оның тәжірибесі мен ұсыныстары зерттеу жұмысының мазмұнын толықтырып, ізденістің нәтижелі болуына ықпал етті.

Жобаның тағы бір жаңалығы – дәстүрлі қолөнерді заманауи технологиямен ұштастыру. Қыш құмыраның үшөлшемді (3D) моделін әзірлеу арқылы ұлттық бұйымды цифрлық форматта жаңғырту мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл оқушылардың техникалық шығармашылығын дамытып, көне өнерді жаңа технологиялар арқылы танытуға жол ашады.
Жетекші мұғалім Ернұр Базарбайұлының алдағы мақсаты – «Қаратөбе қыш құмырасы» атауымен жергілікті қолөнер брендін қалыптастыру. Дайын бұйымдарды көрмелерде таныстырып, туристерге арналған кәдесый ретінде ұсыну, Қаратөбе өңірінің табиғи ерекшелігін кеңінен насихаттау көзделген.
Бұл бастаманың басты құндылығы – туған жердің табиғи байлығын зерттеу арқылы ұлттық мұраны жаңғыртуында. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында еңбекқорлық, ізденімпаздық, шығармашылық қабілет пен туған өлке тарихына деген құрмет қалыптастыруында.
Қаратөбе топырағынан алынған саз балшықтың қолөнер туындысына айналуы – туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Бүгін мектеп оқушысының қызығушылығынан басталған бұл ізденіс ертең Қаратөбенің өзіндік қолөнер брендіне айналып, ауданның атын кеңінен танытуға үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.
Өйткені туған жердің табиғи байлығын танып, оны ел игілігіне жарату – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол ашатын игілікті іс.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы