Ала доптың аламанына айналған Қаратөбе футзал лигасы тағы бір маусымға қадам басты. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дәстүрлі «Қаратөбе футзал лигасы – 2026/27» жарысының алтыншы маусымы салтанатты түрде бастау алды. Жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан доп додасы биыл да командаларды жеңіс жолында тоғыстырды.
Маусымның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев спортшыларды жаңа спорт маусымының басталуымен құттықтап, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту мен өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулудың маңыздылығына тоқталып, мұндай жарыстардың спортқа деген қызығушылықты арттырып, жастардың шеберлігін шыңдауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар командаларға тартысты ойын, әділ бәсеке және толайым табыс тіледі.
Биыл алтыншы мәрте жалауын көтерген лигаға тоғыз команда қатысып, төрт ай бойы өзара мықтыны анықтайды. Төрт айға созылатын доп додасы барысында командалар өз шеберліктерін шыңдап қана қоймай, жанкүйерлерге тартысты кездесулер мен әсерлі ойын өрнегін ұсынбақ.
Биылғы маусымның бір ерекшелігі – жарыс географиясының кеңейіп, көршілес Сырым ауданының командалары да дода көркін қыздыруда. Бұл спорттық байланыстың нығайып, ауданаралық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын аңғартады.
Жаңа маусымда Абай ауылы (Сырым ауданы), Қалдығайты ауылы, Шөптікөл мектебі, Мұхит мектебі, «35+», «Мәдениет» командалары мен «Спорт клуб» ұжымы бақ сынайды. Ал Сырым ауданының Көздіқара ауылының командасы лигаға екінші жыл қатарынан қатысып, өткен жылғы тәжірибесін биылғы бәсекеде де жалғастырмақ.
Ашылу салтанатының шымылдығы түрілген соң, спорттық шара «Қаратөбе суперкубогы – 2026» кездесуіне ұласты. Жасыл алаңға шыққан командалар жеңіске деген жігерін танытып, жанкүйерлерге тартысты ойын өрнегін ұсынды. Нәтижесінде «Спорт клуб» командасы қарсыласынан басым түсіп, «Қаратөбе суперкубогы – 2026» додасының жеңімпазы атанды.
Маусымның алғашқы ойын күнінің өзінде-ақ алаңдағы бәсекенің бәсі жоғары болатыны байқалды. Әсіресе «Спорт клуб» пен «Мәдениет» командалары арасындағы кездесу тартысқа толы өтіп, қос ұжым да жеңіске деген жігерін танытты. Ойыншылардың ширақ қимылы, шебер шабуылы мен қорғаныстағы табандылығы кездесудің көркін қыздырып, жанкүйерлерге қызықты сәттер сыйлады. Ойын нәтижесінде кездесу 2:2 есебімен тең аяқталып, қос ұжым да алғашқы ойында ұпай еншіледі.
Алты жылдық тарихы бар бұл лига бүгінде жай ғана спорттық жарыс шеңберінен шығып, ауыл-аймақтың басын қосатын, достық пен татулықты бекемдейтін ортақ алаңға айналып келеді.
Р.Абай
Қаратөбе ауданы