Орал қаласындағы «Әлем Плаза» сауда үйінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Мейірім FEST» қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қайырымдылық мәдениетін дамыту, қоғамға мейі-рімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету және ерекше қажеттілігі бар адамдардың шығармашылық әлеуетін қолдау. Жәрмеңке ауқымында өңірдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы азаматтардың қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмысы ұсынылды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов көрме мақсаты жөнінде айтты.
– Бүгінгі көрмеде жеті арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер туындылары көпке ұсынылды. Осы қайырымдылық жәрмеңкесі арқылы орталықтардағы азаматтардың шығармашылығын қолдап, олардың туындыларын көпшілікке танытуды мақсат еттік, – деді Жақсылық Абдолов.
Круглоозерный кентіндегі арнаулы әлеуметтік орталық 309 адамға қызмет көрсетеді. Олардың арасында сурет салуға, қаланың негізгі нысандарының үлгісін жасауға, ұсақ тастардан түрлі әшекей бұйымдарды құрастыруға қызығатын жандар аз емес. Бізге орталықтың еңбек терапиясы нұсқаушысы Фарида Қабдолова көрмеден түскен қаражат қажет шикізат алуға жұмсалатынын тілге тиек етті. Көрмедегі көпті өзіне үйірген қол-өнер бұйымдары бұған дейін де үлкен сұранысқа ие екен. «Азаматтарға әлеуметтік қолдау әрдайым көрсетіледі. Бүгінгі көрмеге Орал қаласының сұлбасы бедерленген бірнеше макет пен емделушілер өз қолымен дайындаған әшекей бұйымды алып келдік. Қатырма қағаздан жасалған макеттерде қаламыздың негізгі нысандары, жасыл желегі мен өзені бейнеленген. Мұндай туындыны кеңсеге арналған ерекше бұйым ретінде сыйға ұсынуға болады», – дейді орталық өкілі.

«Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үш жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетеді. Орталықтың еңбек терапиясы нұсқаушысы Нұрболат Батыров аутизмі бар балалардың әлемді тану ерекшелігі өзгеше екенін алға тартты. «Олар айналасындағы әр нәрсені қызығушылықпен зерттеп, ұсақ-түйекке де мұқият зер салады. Бүгінде орталық тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан туындылар «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылатын көрмелерде көпшілік назарына ұсынылып келеді», – деді ол.

Қорыта келе, «Мейірім FEST» қайырымдылық жәрмеңкесі қамқорлықты қажет ететін азаматтардың шығармашылығын қолдап қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Осындай игі бастамалар мейірімділік пен жанашырлықты дәріптеп, әр адамның өнері мен еңбегін бағалауға жол ашады.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы