6.11.2026, 16:00
Оқылды: 8

Шыңғырлау ауданы: Ақбұлақ ауылында кіреберіс жол ретке келтірілді

Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылында елді мекенді абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл – ауылдық аумақтарды дамытуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейдегі нақты көрінісі.

image-06-11-26-02-22

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамытудың, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртудың және ауыл тұрғындарына жайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын үнемі атап өтіп келеді. Президенттің 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да халықтың тұрмыс сапасын арттыруда толыққанды әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыру басты міндеттердің бірі ретінде айқындалды. Бұл ретте ауылдардың көркеюі мен ондағы өмір сапасын жақсарту жергілікті жерлерде атқарылатын нақты жұмыстардан басталады.

Осы бағытта Ақбұлақ ауылында дигілікті істер қолға алынуда. Жуырда ауылға кіреберіс жолды тегістеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар мен ауыл қонақтарының қатынауына қолайлы жағдай жасалды.

image-06-11-26-02-22 (1)

Аталған іске «ErQanatGroup» ЖШС басшысы Мейрамбек Ахметов пен «Акиев» шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Акиев өз техникаларымен қолдау көрсетті.

Ауыл әкімі Мирлан Хамиевтің айтуынша, елді мекеннің көркеюі мен тұрмыс сапасының жақсаруы тұрақты назардағы мәселе. Ал мұндай жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуына жергілікті кәсіпкерлердің қолдауы да айрықша ықпал етеді.

– Ауылдың дамуы – баршамызға ортақ міндет. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, ауылдың тазалығы мен көркін жақсарту, жол мәселелерін реттеу бағытындағы жұмыстарды мүмкіндігімізге қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Бұл ретте туған жердің өркендеуіне бейжай қарамай, игі іске қолдау білдірген азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Мейрамбек Ахметов пен Нұрболат Акиевтің өз техникаларымен көмек көрсетуі ауылға деген жанашырлықтың айқын үлгісі. Осындай ынтымақ пен азаматтық қолдау арқылы ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз, – деді.

Шын мәнінде, ауылдың өркендеуі тек ірі жобалармен өлшенбейді. Күнделікті тіршіліктегі осындай нақты жұмыстар да тұрғындардың тұрмыс сапасына оң әсер етеді. Мемлекет тарапынан белгіленген міндеттерді жергілікті жерде жүйелі жүзеге асырып, оған кәсіпкерлер мен тұрғындарды жұмылдыру ауыл дамуының маңызды тетігі.

image-06-11-26-02-22 (2)

Ақбұлақтың ажары артып, ауыл тіршілігіне серпін беретін осындай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім бар. Өйткені туған жердің гүлденуі ортақ еңбек пен бірліктің жемісі.

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале