6.11.2026, 15:30
Оқылды: 22

Еңбектің еленгені қандай жақсы!

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрдың актері, Мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

WhatsApp Image 2026-11-06 at 16.21.14

Теміржан Хайратұлы Матаев 1971 жылы 9 қаңтарда Жәнібек ауданына қарасты Қайрат ауылында дүниеге келген. 1991–1995 жылдары Дәулеткерей атындағы өнер институтында білім алып, баян класы бойынша оқытушы мамандығын меңгерген. Ал 1995 жылдан бері Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрда актер болып еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол театр сахнасында сан алуан мінез бен болмысты кейіпкерлерді сомдап, көрерменге әр қырынан танылды. Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» қойылымдарындағы Көкбай, Жапал, Сарман бейнелері, Иран-Ғайыптың «Қорқыт», «Махамбет», «Қыз Жібек», «Ән Мұхит» шығармаларындағы кейіпкерлері, сондай-ақ «Жұбан» поэтикалық драмасындағы Жұбан бейнесі – актердің сахналық ізденісінің бір бөлігі ғана.

Оның репертуарында трагедия мен драма да, комедия мен гротеск те бар. «Ревизордағы» Антон Антонович, «Ханумадағы» Князь, «Арыстан патшадағы» арыстан секілді кейіпкерлерді сомдауы актердің жанрлық ауқымының кеңдігін көрсетеді. Жалпы, Теміржан Матаев осы жылдар ішінде ондаған қойылымға қатысып, театрдың шығармашылық өміріне елеулі үлес қосып келеді. Өнер жолындағы еңбегі бұған дейін де елеусіз қалған жоқ. Ол «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталып, «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болған.

Ал Республика ұлттық мерекесі қарсаңында алған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы актердің ұзақ жылғы шығармашылық жолындағы маңызды белестерінің бірі болмақ. Бұл қуаныш тек Теміржан Хайратұлының емес, театр ұжымы мен оның өнерін бағалайтын көрерменнің де ортақ қуанышы.

Гүлжан Ғалым,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале