Теректі ауданында ветеринария саласын цифрландыру және ақпараттық жүйелерді енгізу мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Жиында ет өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау, оларды сататын және пайдаланатын мекемелерді электронды жүйеге қосу тәртібі талқыланды.
Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ветеринария саласының мамандары, білім беру ұйымдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Тілек Мұхатов арнайы келіп, ветеринариялық бақылауды жетілдірудің маңызына тоқталды.
Жиында аталған инспекцияның тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мұрат Сисенбаев баяндама жасады. Ол мал союдан бастап ет өнімдерін тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықта ветеринариялық талаптардың сақталуы маңызды екенін атап өтті. Себебі еттің сапасы мен қауіпсіздігі халық денсаулығына тікелей әсер етеді.
Баяндамашының айтуынша, Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бері «Еттің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы» электронды модулі қолданылып келеді. Бұл жүйе мал сою орындары мен ветеринариялық зертханалардың жұмысын бақылауға мүмкіндік береді.
Ал 2025 жылғы қарашадан бастап республика көлемінде ет өнімдерін қабылдайтын және пайдаланатын мекемелерді осы жүйеге қосу бойынша пилоттық жоба іске қосылған. Оған ет дүкендері, супермаркеттер, қоғамдық тамақтану орындары, білім беру мекемелері мен ет өңдеу кәсіпорындары қамтылады.
Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – ет өнімдерінің қайдан әкелінгенін, ветеринариялық тексеруден өткенін және қай мекемеге жеткізілгенін электронды түрде қадағалау. Бұрын қағаз жүзінде рәсімделетін құжаттардың бір бөлігі енді ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі.
Мәселен, мал сойылып, ветеринариялық тексеруден өткеннен кейін оған тиісті құжаттар рәсімделеді. Ет дүкенге немесе қоғамдық тамақтану орнына жеткізілген кезде мекеменің жауапты қызметкері өнімнің құжаттарын тексеріп, оны электронды жүйе арқылы қабылдайды. Осылайша еттің өндірілген жерінен сатылатын орынға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік туады.
Жүйеде тұтынушылар үшін де пайдалы мүмкіндік қарастырылған. Ет сатылатын орындарда орналастырылған QR-кодты телефонмен сканерлеу арқылы өнімге қатысты мәліметтерді көруге болады. Бұл сатып алушыға еттің қайдан жеткізілгенін және ветеринариялық тексеруден өткенін білуге көмектеседі.
Кеңес барысында ветеринариялық талаптарды сақтаудың маңызы да түсіндірілді. Мамандар тиісті тексеруден өтпеген ет өнімдерін сатуға жол бермеу қажеттігін атап өтіп, ветеринария саласындағы заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде кәсіпкерлер жаңа ақпараттық жүйеге қосылу міндетті ме деген мәселені көтерді. Мамандар жүйеге қосылу заңнамалық талаптарға сәйкес міндеттеліп жатқанын, алайда қазіргі уақытта жобаның пилоттық кезеңде жүзеге асырылып жатқанын түсіндірді. Сонымен қатар жүйені пайдалану барысында техникалық немесе өзге де қиындықтар туындаса, тиісті мамандар көмек көрсетуге дайын екенін айтты.
Кеңесте көтерілген мәселелер кәсіпкерлерге жаңа жүйенің жұмыс тәртібін түсіндіруге және ветеринариялық бақылауды цифрландырудың маңызын жеткізуге бағытталды. Электронды бақылау ет өнімдерінің қозғалысын ашық жүргізуге, заңсыз айналымның алдын алуға және тұтынушыларға қауіпсіз өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Ә. Талғатқызы,
Теректі ауданы