Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, азаматтардың талап-тілегі мен ұсыныстарына жедел назар аударуды көздейді.

Бұл қағидат жергілікті деңгейдегі жұмыстарда да маңызды орын алады. Өйткені ауылдың тыныс-тіршілігін жақсарту ең алдымен тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерін шешуден басталады.
Осы бағытта Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Сайда Бркенова тұрғындармен тұрақты кездесу өткізіп, айтылған ұсыныстар мен өтініштердің орындалуына басымдық беріп келеді.
«Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмай, қаржы мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Халықтың талап-тілегін тыңдап, мүмкіндігінше шешімін табуына ықпал ету — ауылдық округ әкімдігі жұмысының басты бағдары», — деп атап өтті ауыл әкімі.
Атап айтқанда, аудан орталығындағы қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту, оларды заманауи талаптарға сай көріктендіру жұмыстары қолға алынған. Жалпы аудан орталығында алты аялдама қойылды. Бұл бастама тұрғындардың, әсіресе үлкен кісілер мен балалардың қоғамдық көлікті күту кезінде қолайлы ортада болуына жағдай жасауға бағытталған.
Балалардың қауіпсіз әрі қызықты ортада ойнап, бос уақытын тиімді өткізуі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта А. Тихоненко көшесінде көлемі 300 шаршы метрді құрайтын балалар ойын алаңы салынуда.
Ауыл көшелерін абаттандыру бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, өрнектастар мен жаңа жарық шамдары орнатылды. Бұл тұрғындардың кешкі мезгілде еркін әрі қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

Көшелердің жайлылығы мен абаттандырылуына қатысты мәселелер де назарда. Л. Қылышев көшесінде асфальт жол мен тротуар аралығы бедертастармен жалғанып, жаяу жүргіншілердің, әсіресе жауын-шашынды күндері жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.
Ал генерал Панфилов көшесінің тұрғындары кездесуде көтерген су ағызу мәселесі де шешімін тапты. Яғни Панфилов және Д. Хамитов көшелерінің қиылысына су ағызу құбыры орнатылып, аумаққа қиыршық тас төселді. Бұл жұмыстар жауын-шашын кезінде жиналатын судың кедергісін азайтып, көшенің жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, ауылдың көркін келтіріп, инфрақұрылымын дамытуға негізделген.
Ең бастысы, халықпен кері байланыс орнату, айтылған өтініштерге құлақ асып, оларды нақты іспен ұштастыру — "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының жергілікті жердегі көрінісі.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы