Шыңғырлау ауданында білім беру саласының үздігі, ұлағатты ұстаз, білікті бапкер Қази Срымовты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир өтті.

5-6 қараша күндері аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен жас балуандар жиналды. 2013-2014 және 2015-2016 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасындағы жарысқа Орал қаласының спорт мектептері мен «Бірлік», «Жұмашев», «Жекпе-жек» спорт ұйымдарының, сондай-ақ Бөрлі, Бәйтерек, Теректі және Шыңғырлау аудандарының командалары қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Биылғы турнирге 11 командадан 143 спортшы қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады.
Республикалық турнирдің құрметті қонақтарының қатарында грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев те болды. Әлемдік деңгейде ел намысын қорғап, биік белестерді бағындырған спортшының жарысқа қатысуы жас балуандарға ерекше серпін беріп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
Турнирдің басты мақсаты — Қази Серғалиұлының есімін ұлықтау, оның күрес спорты мен жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегін кейінгі буынға үлгі ету. Ұстаздық пен бапкерлікті қатар алып жүрген азаматтың өнегелі жолы — табандылық пен адал еңбектің айқын көрінісі.
Жарыс қорытындысы бойынша Шыңғырлау ауданының құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл аудандық спорт мектебі тәрбиеленушілерінің дайындығы мен бапкерлер еңбегінің нәтижесі.
Осындай республикалық деңгейдегі жарыстар жасөспірімдердің спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бойында қайсарлық, жігер, намыс пен жеңіске деген ұмтылысты қалыптастырады. Сонымен қатар спорт ардагерлерінің есімін ардақтап, олардың ізін жалғастыратын жас буынды тәрбиелеуге жол ашады.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы