Туған жерінің өркендеуіне үлес қосып, саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған азаматтардың бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазталов ауданының құрметті азаматы» Ғилым Едекешов 75 жасқа толып, мерейлі белеске жетіп отыр.

Жалпақтал ауылдық мәдениет үйінде Ғилым Шәріпұлының 75 жас мерейтойына орай «Ғибратты ғұмыр – өнегелі өмір» атты тағылымды кеш өтті. Мерейтой иесіне құрмет көрсетуге арналған салтанатты шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әріптестері, шәкірттері, туған-туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Кеш барысында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы мерейтой иесіне жылы лебізін білдіріп, оның саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған азаматтық болмысына, ауданның білім беру, мәдениет және қоғамдық өмірінің дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде Ғилым Шәріпұлының өмір жолы кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге мектебі екенін атап өтті.
— Сіз саналы ғұмырыңызды туған өлкеңіздің өркендеуіне арнап, қай салада еңбек етсеңіз де, жауапкершілік пен адалдықты ту еткен азаматсыз. Ұстаздық қызметтен бастап, білім саласын басқару, мәдениет пен мемлекеттік қызметтегі жауапты міндеттерді абыроймен атқардыңыз. Әсіресе ел үшін күрделі кезеңдерде мойныңызға артылған міндетті азаматтық жауапкершілікпен көтере білдіңіз. Бүгінде сіздің еңбегіңізге берілген баға – алған марапаттарыңыз ғана емес, сізді құрмет тұтатын елдің ықыласы, тәлім-тәрбиеңізді алған шәкірттеріңіздің алғысы, бірге қызмет атқарған әріптестеріңіздің жылы естелігі. Адамның шынайы абыройы да осында деп білемін. Еңбек жолыңыздағы өнегелі істеріңіз бен өмірлік ұстанымыңыз кейінгі буынға бағыт-бағдар бола берсін. Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Отбасыңызға амандық, өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! – деді аудан әкімі.

Салтанатты кештің тағы бір ерекше сәті ауданның жомарт азаматы, меценат Мағауия Сансызбайұлының мерейтой иесіне жасаған құрметі болды. Ол аудан жұртшылығы атынан Ғилым Шәріпұлына ат мінгізіп, ақсақалға деген ел ықыласы мен сый-құрметінің жарқын үлгісін көрсетті.
Кеш барысында замандастары мен әріптестері мерейтой иесімен бірге өткізген жылдардан естелік айтып, оның азаматтық болмысы, қарапайымдылығы, талапшылдығы мен адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті. Әсіресе жас мамандарға жол көрсетіп, сенім арта білген ұстаздық қырына ерекше тоқталды.
Мерейтой иесінің өмірлік серігі Нұрлы Сайпеденқызы мен ұрпақтары да қуаныш иесіне ақжарма тілектерін арнады. Өнерге жақын әулеттің немерелері аталарына арнап ән шырқап, жырдан шашу шашты. Әсем ән мен әсерлі естеліктер тоғысқан кештің мазмұнын байыта түсті.
Еңбек жолын 1974 жылы ұстаздық қызметтен бастаған Ғилым Шәріпұлы кейін мектеп директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Бар болғаны 23 жасында Талдықұдық орта мектебінің директоры атанып, жас болса да жауапты міндетті абыроймен атқарды. Әр жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, партия комитетінде, білім саласында басшылық қызметтер атқарып, 1991 жылдан бастап аудандық білім бөлімін басқарды. Ал 2008-2012 жылдары Жалпақтал ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, кейін облыстық мемлекеттік мұрағаттың Жалпақтал филиалын басқарды.
Сан салалы қызмет жолында Ғилым Шәріпұлының басшылық болмысы, адамдық қасиеті мен еңбекке деген адалдығы талай азаматқа үлгі болды. Әсіресе ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы күрделі кезеңді бастан өткерген тоқсаныншы жылдардағы қызметі — оның азаматтық келбетін айқындайтын ерекше кезең.
Осы жылдардағы Ғилым Шәріпұлының болмысын бірге қызметтес болған шәкірті, әріптесі Руслан Ибатовтың естелігінен де аңғаруға болады. Ол өз жазбасында мерейтой иесін «Елді сақтаған менің ұлағатты ұстазым!» деп атап, оның адамдық қасиеті мен басшылықтағы жауапкершілігін ерекше ықыласпен еске алады.
— 1993 жылдың тамыз айында жас маман ретінде аудандық білім бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Сол кездегі зиялы қауымның ортасында еңбек ету мен үшін үлкен мектеп болды. Бес жыл ішінде алған білім мен тәжірибенің, тәлім мен тәрбиенің орны бөлек. Менің маман әрі тұлға болып қалыптасуыма Ғилым Шәріпұлының ықпалы зор болды, – дейді Руслан Ибатов.
Оның айтуынша, сол кезеңде мұғалімдер мен білім саласы қызметкерлерінің жалақысы бірнеше айлап кешіктіріліп, әлеуметтік жағдай аса күрделі болған. Өзінің адал еңбекақысын ала алмай, түрлі қиындықпен аудан орталығына келген мұғалімдердің мұңын тыңдау білім бөлімінің басшысы үшін де оңайға соқпаған. Қаржы тапшылығына қарамастан, мектептердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету, білім беру мекемелерін қажетті көмірмен қамту, әрбір материалдық құндылықтың есебін сақтау күнделікті міндетке айналды.
Бұл бір адамның естелігі ғана емес, сол кезеңдегі ел басқарған азаматтардың қандай жауапкершілік арқалағанын көрсететін өмір шындығы. Қызметтің сыртқы беделінен бұрын оның ішкі жауапкершілігін жоғары қойған Ғилым Шәріпұлының өнегесі осындай қарапайым істерден көрінеді.

Ғилым Шәріпұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. Жалпақтал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аға буынның әлеуметтік мәселелеріне назар аударып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастар тәрбиесіне белсенді атсалысып келеді. Еңбек жолында жинақтаған мол тәжірибесін ел игілігіне жұмсауды әлі де азаматтық міндеті санайды.
Ардақты азаматтың ұзақ жылғы еңбегі мен өңірдің дамуына қосқан үлесі мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды. 2026 жылғы 2 қарашада Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы Ғилым Шәріпұлын жеке қабылдап, 75 жас мерейтойымен құттықтады. Кездесу барысында өңірдің білім беру, мәдениет және мемлекеттік басқару салаларына сіңірген еңбегі атап өтіліп, Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Шын мәнінде, адамның абыройы атқарған қызметінің санымен емес, сол қызметте қалдырған ізімен өлшенеді. Ғилым Шәріпұлының ғұмыры — еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің, қарапайымдылықтың, елге деген құрмет пен отбасылық құндылықтардың жарқын көрінісі.
Әдемі Жасұланқызы,
Қазталов ауданы