10.11.2026, 12:00
Оқылды: 0

«Жаңақалада жаңа мүмкіндік, жарқын бастамаларға жол ашық»

Ауылдың өркендеуі – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің  бірі.  Бүгінде өңіріміздің Жаңақала ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ауданның дамуымен бірге шешімін  күткен өзекті мәселелер де бар.  Атқарылған іс-шаралар мен алдағы жоспарлар, тұрғындарды  толғандырған мәселелер жөнінде Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаевпен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысы төмендегідей өрбіді.

 

WhatsApp Image 2026-11-10 at 11.18.42

– Алпамыс Жаңабайұлы, сұхбатымызды ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен бастасақ. Биыл қандай салаларда  өсім  байқалады?

– Жаңақала ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, халықты жұмыспен қамту және ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігін жақсарту бағыттарына басымдық беріп отырмыз. Мәселен,  биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,5 млн теңгеден 548,8 млн теңгеге дейін артса, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 9,8 млрд теңгеден 11,7 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,4 млрд теңгеден 32,4 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстарына жұмсалған қаржы 15,3 млрд теңгеден 33,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Бөлшек сауда айналымында да өсім бар. Ауыл шаруашылығы саласында мал басын көбейту, өнім өндіру көлемін арттыру және шаруашылықтардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы ірі қара мал саны 113 536 басқа жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 890 басқа артты. Сүт өндіру көлемі 5 555 тоннаны, жұмыртқа өндірісі 103,4 мың дананы құрады.

Әлеуметтік саладағы көрсеткіштерге келсек, жұмыссыздар саны 797-ден 611 адамға дейін азайған. Бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 251 274 теңгеге жетті, өткен жылы бұл көрсеткіш 223 416 теңге болатын.

Кәсіпкерлік саласы да аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Сондықтан тұрғындардың өз кәсібін ашуына қолдау көрсетуге, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандардың қызметін кеңейтуге және жаңа өндірістерді дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бүгінде ауданда халыққа қажетті қызмет көрсетіп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған бірқатар кәсіпкерлік нысан бар. Мәселен, «Ақбота» мейрамханасы, «Жігер» фаст-фуд дүкені тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ «Батыр Агро» аутобөлшектер дүкені, «Нефтэк» жанармай құю бекеті, «Болашақ» ет дүкені, аутокөлік жуу орындары өз қызметін тұрақты жүргізіп келеді. Мемлекеттік қолдау тетіктері де кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде. Биыл ауданның үш тұрғыны мемлекеттік грант иеленіп, кондитерлік өнімдер өндіру, массаж қызметін көрсету және басқа да бағыттар бойынша өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 345,1 млн теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта бағдарлама шеңберінде 231,29 млн теңгенің өтінімдері мақұлданып, қаражат алушыларға берілді. Қалған жобалар бойынша құжаттар тексерілуде.

Аудандағы ірі өндірістік жобалардың бірі – ет өңдеу кәсіпорындарын дамыту. «Жаңақала ет өнімдері» ЖШС, «Бердіғалиев Б.С.» шаруа қожалығы және «Cos Company» ЖШС секілді кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік бағыттағы жұмыстары аудан экономикасын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға өз ықпалын тигізуде.

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз, жалпы ауданда жаңа мүмкіндіктерге жол ашық. Мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары тұрғындардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға зор қолдау. Біздің мақсатымыз – жастарға дайын жұмыс орнын ұсыну ғана емес, өз ісін бастауға ынталандыру.

– Инфрақұрылым мәселесі тұрғындар үшін қашанда өзекті. Жол, электр желілері және интернет сапасын жақсарту бағытында қандай жобалар жүзеге асырылуда?

– Инфрақұрылымды дамыту – аудан тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Бұл ретте жолдарды жөндеу, электр желілерін жаңғырту және интернетпен қамтуды кезең-кезеңімен жүргізіп келеміз. Алдымен аутомобиль жолдарына тоқталсам, аудан аумағындағы облыстық маңызы бар Чапаев–Жаңақала–Сайқын аутомобиль жолының ұзындығы 172 шақырымды құрайды. Оның 126 шақырымы асфальтталған. Қазіргі уақытта жолдың 130–191 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мердігер – «Uniserv» ЖШС. Аудандық маңызы бар аутомобиль жолдарының ұзындығы 165,6 шақырым болса, оның 46 шақырымы асфальтталған. Мәстексай, Жаңажол және Жаңақазан ауылдарының кірме жолдарын күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобалардың жалпы құны – 2,8 млрд теңге. Жаңақала ауылының ішкі жолдарын жөндеу де назардан тыс қалған жоқ. Былтыр Б. Уәлиев, Қ. Мырза Әлі, Жаңа Қоныс, №12 және №19 көшелерді қамтитын жобаның аясында 1,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолағын салу басталды. Мердігер – «ТОБИ» ЖШС. Жоба аясында Б. Уалиев, Чуланов, Кенесары хан (бұрынғы 12 көше), Халықов (бұрынғы 19 көше) және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшелеріне (көк түстегі) асфальт жабыны төселеді. Жоба толық жүзеге асқаннан кейін аудан орталығындағы асфальтталған жолдардың үлесін 42 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бірнеше көшені, кірме жолдарды күрделі жөндеуге арналған жобалар дайындалуда.

Электр желілерінің тозуы да күрделі мәселелердің бірі. Қазіргі таңда аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында Айтпай және Қырқопа ауылдарындағы әуе электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансаларды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Жаңажол және Мәстексай ауылдары бойынша да тиісті жобалар әзірленді.

Интернет сапасын жақсарту бағытында да нақты жұмыстар істелуде. 2026–2028 жылдары аудан бойынша 1 500 тұрғын үйді GPON технологиясы арқылы оптикалық талшықты интернет желісіне қосу жоспарланған. Биыл 256 абонентті қосу көзделді. Өткен жылдың тамыз айынан бері шамамен 35 шақырым әуе талшықты-оптикалық кабель тартылып, 13 шақырымға жуық кабель жерасты телекоммуникациялық құдықтары арқылы төселді. Сонымен қатар ескірген бағаналарды ауыстыру, жаңа оптикалық жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.

– Алпамыс Жаңабайұлы, ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі салаларының бірі. Мал шаруашылығын дамыту, өнімді өңдеу және шаруаларды қолдау бағытында қандай жаңалықтар бар?

– Дұрыс айтасыз, ауыл шаруашылығы – Жаңақала ауданының экономикалық  әлеуетін айқындайтын негізгі салалардың бірі. Ауданымыздағы 9 ауылдық округ бойынша 492 шаруа қожалығы, 51 ЖШС және 24 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша ауданда 113 536 бас ірі қара, 113 309 бас қой, 28 900 бас ешкі, 44 279 бас жылқы және 654 бас түйе өсірілуде. Мал тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір-гі таңда 60 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Биыл шаруашылықтар 339,4 млн теңгеге 639 бас асыл тұқымды мал сатып алды. Сонымен қатар аудан шаруаларына 297,3 млн теңге субсидия төленді.

Шаруашылықтардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да маңызды. Биыл жалпы құны 993,6 млн теңгеге 44 трактор және 47 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Мал азығын дайындау үшін арзандатылған жанар-жағармай алуға 159 тонна көлемінде өтінім беріліп, оның 130 тоннасы  жеткізілді.

Биыл 761 гектар алқапқа мал азықтық дақылдар егілді. Шаруашылықтар судан шөбі мен жоңышқа өсіру арқылы мал азығының қорын қалыптастыруда. Алдағы уақытта жемшөп базасын нығайту мақсатында егіс көлемін ұлғайту жоспарланып  отыр.

Тағы бір маңызды жоба – «Бірлік мал зауыты» ЖШС базасында қой шаруашылығы кластерін құру. Қазіргі уақытта жоба аясында 300 млн теңгеге жуық қаражатқа 6 трактор және басқа да қажетті ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Серіктестік «Batys Birlik Agro» ЖШС-мен бірлесіп, 300 гектар жер жыртты. Келесі жылы тағы 700 гектар алқапты егін егуге дайындамақ. 2027 жылы жалпы 1 000 гектарға мал азықтық дақылдар  өсіру  жоспарланып  отыр.

Ет өңдеу саласын дамытуды да назардан тыс қалдырмадық. Биыл «Жаңақала ет өнімдері» ЖШС жұмысын бастады. Жыл соңына дейін «Cos Company» ЖШС мен «Бердіғалиев Б.С.» шаруа қожалығының ет өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланған. Осылайша, аудандағы ет өңдеу кәсіпорындарының санын 7-ге жеткізу көзделіп отыр.

Біздің мақсатымыз – мал өсірумен ғана шектелмей, өндірілген өнімді аудан аумағында өңдеуге, дайын өнім-нің үлесін арттыруға және шаруалардың табысын көбейтуге жағдай жасау.

– Жаңақала ауданындағы жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде? Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту үшін қандай шаралар қолға алынған?

– Халықты жұмыспен қамту – аудан әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын ашу, жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау, жастарды еңбекке тарту және әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Жаңақала ауданының мансап орталығына биыл тамыз айына дейін тіркелген ресми жұмыссыздар саны – 611 тұрғын. Жыл басынан бері 503 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып, есепті кезеңде 205 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орындарына  24 адам жіберілді, жастар практикасы аясында 35 түлек жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмыстарға 175 адам тартылып, «Күміс жас» жобасы бойынша 11 адам жұмыспен қамтылды. Қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары да жүзеге асырылуда. Жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар да тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік береді. Биыл бірінші лек бойынша төрт адамға грант беру жоспарланып, комиссия шешімімен үш адам грант иеленді. Бұдан бөлек аудан аумағында «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында үш жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Чапаев–Жаңақала–Сайқын жолын қайта жаңғырту, ветеринариялық пункттер сатып алу және Бірлік ауылындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жобалары бар. Жұмыспен қамту шараларының нәтижесін арттыру үшін кәсіп иелерімен байланыс орнатып, тұрғындарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытып, тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша іс-шараларды  жалғастырамыз.

– «Қаладан ауылға» бағдарламасы ауылдардағы халық санын арттыруға және маман тапшылығын азайтуға ықпал етіп отыр. Соңғы екі жылда ауданға қанша отбасы көшіп келді? Қоныс аударушыларға қандай  қолдау  көрсетілуде?

– «Қаладан ауылға» жобасының негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайту, ауылдардың демографиялық әлеуетін нығайту және жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. 2024 жылы ауданның төрт ауылдық округіндегі бес елді мекенге 11 отбасы көшіп келді. Олардың жалпы саны – 39 адам, оның ішінде 21 бала бар. Көшіп келген отбасылардың 10-ы тұрақты тұрғын үймен, біреуі уақытша баспанамен қамтамасыз етілді.

Былтыр аталмыш бағдарлама аясында 5 ауылдық округтің 8 елді мекені қоныс аударушыларды қабылдауға белгіленді. Жыл соңындағы мәлімет бойынша Сарыкөлге екі, Қырқопаға үш, Жуалыойға екі және Кіші Айдархан ауылына бір отбасы көшіп келді. Барлығы – 32 адам, оның ішінде 18 бала. Оларға тұрғын үй мәселесін шешуге және жұмысқа орналасуға қолдау көрсетілді. Мәселен, Қырқопа ауылына қоныс аударған үш отбасы тұрақты баспанамен қамтамасыз етілді. Жуалыойдағы екі отбасы да тұрақты тұрғын үйге ие болды. Сарыкөл мен Кіші Айдархандағы отбасыларға уақытша баспана берілді. Бұл жобаның нәтижесінде ауылдардағы мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда бала санының артуына, әлеуметтік саладағы кадр тапшылығын азайтуға және жергілікті экономикалық белсенділікті күшейтуге мүмкіндік туып отыр.

– Ауылға жас мамандарды тарту мәселесі де өзекті. 2025 жылдан бері ауданға қанша жас маман келді? Оларға қандай жағдайлар жасалып жатыр?

– Ауылдың тұрақты дамуы ең алдымен білікті мамандарға байланысты. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік салаларға жас кадрларды тартуға ерекше назар аударып отырмыз. 2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ауданға барлығы 109 жас маман келіп, жұмысқа орналасты. Оның 85-і білім беру саласында еңбек етеді. Аудандық ауруханаға былтыр 14 маман, яғни 6 дәрігер мен 8 орта буын медицина қызметкері келді. Биыл тағы алты медицина қызметкері қызметке орналасты. Сонымен қатар ауданаралық сауықтыру орталығына 4 маман келді.

Жас мамандарды қолдауда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының маңызы зор. Былтыр біржолғы көтерме жәрдемақыға 39,62 млн теңге бөлініп, 100 маманға берілді. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ветеринария және мемлекеттік қызмет салаларының өкілдері бар. Сондай-ақ 24 маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 226,559 млн теңге бюджеттік несие берілді. Бұл – ауылға келген мамандардың тұрақтап қалуына және өз қызметін алаңсыз атқаруына жасалған нақты қолдау. Алдағы уақытта да жас мамандарды тарту, олардың тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдемдесу және кәсіби дамуына мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Өйткені ауылға келген маманның тұрақтап қалуы тек оның жеке жағдайына емес, тұтас елді мекеннің әлеуметтік  дамуына  әсер  етеді.

– Алпамыс Жаңабайұлы, жаңақалалықтар жиі көтеретін мәселелерге тоқталсаңыз. Оларды шешу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Тұрғындармен кездесулерде және жеке қабылдауларда көтерілетін мәселелердің басым бөлігі жол сапасы, электр желілерінің тозуы, интернет байланысы, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты. Әсіресе шалғай ауылдарға қатынайтын жолдардың жағдайы тұрғындар үшін маңызды. Кейбір елді мекендерде ауылішілік жолдарды жөндеу, кірме жолдарды асфальттау қажеттілігі бар. Бұл мәселелерді шешу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті жобаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылуда. Жоғарыда айтып кеткендей, аудандағы электр желілерінің тозу деңгейінің 82 пайыз болуы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін көрсетеді. Интернет сапасын арттыру үшін оптикалық талшықты желіні кеңейту және ескірген байланыс инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл әсіресе оқушылардың білім алуына, кәсіпкерлердің жұмыс жүргізуіне және тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді онлайн алуына қолайлы жағдай туғызады. Жұмыспен қамту мен тұрғын үй мәселелері де өзекті. Бұл бағытта кәсіпкерлік жобаларды қолдау, жаңа өндіріс орындарын ашу, жас мамандарды тарту және ауылға қоныс аударушыларға материалдық көмек көрсету шаралары  қатар  жүргізілуде.

Әрине, барлық мәселені бір мезетте шешу мүмкін емес. Дегенмен әрбір өтінішті назарға алып, жобаларды маңыздылығы мен қаржыландыру мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен іске асыруға күш салып отырмыз. Тұрғындармен ашық байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру – жұмысымыздың маңызды бөлігі.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале