10.11.2026, 15:45
Оқылды: 4

Шыңғырлау баскетболшылары «AUYL SPORT – 2026» додасында үздік үштіктен көрінді

Шыңғырлау спорты тағы бір жарқын жеңіспен толықты. Шыңғырлау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің баскетбол командасы Астана қаласында өткен республикалық «AUYL SPORT – 2026» чемпионатында жүлделі ІІІ орынды иеленіп, аудан абыройын асқақтатып қайтты.

image-10-11-26-11-58 (1)

Еліміздің әр өңірінен жиналған үздік командалар бас қосқан дүбірлі додада аудан спортшылары шапшаңдық пен шеберліктің, ұйымшылдық пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Қарсыластарымен тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген жігері мен спорттық рухын танытқан жас баскетболшылардың жетістігі- тынымсыз жаттығу мен қажырлы еңбектің жемісі.

Бүгін жеңімпаз өрендерді аудан тұрғындары, ата-аналары мен спорт саласының өкілдері теміржол вокзалынан салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті. Жеңіспен оралған жастарға арналған бұл кездесу қуаныш пен мақтанышқа толы болды.

image-10-11-26-11-59

Салтанатты қарсы алу рәсімінде аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов құттықтау сөз сөйлеп, аудан мерейін республика деңгейінде асқақтатқан спортшыларға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ, командаға жеңісі үшін 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

image-10-11-26-11-58

Бұл жеңістің артында жас спортшылардың табандылығы мен жігері, жаттықтырушының кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегі тұрғаны анық. Әрбір жаттығу, әрбір ойын- үлкен жеңіске бастар баспалдақ.

Ата-аналар атынан сөз алған Төрехан Төрениязов, Әлібек Жұмағұлов және Нұргүл Исбулатова балаларды спортқа баулып, биік белестерге жетелеген жаттықтырушыларға, жас спортшыларға қолдау көрсетіп келе жатқан спорт бөлімі мен аудан басшылығына, сондай-ақ команда жетекшісі Аслан Жеңісовке шынайы алғыстарын жеткізді.

- Балаларымыз бізді қайта-қайта қуантып келеді. Бұған дейін облыс көлемінде І орынды иеленсе, енді республикалық додада жүлделі орыннан көрініп отыр. Бұл- ауданымыз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Біз үшін сендер әрдайым чемпионсыңдар! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беріңдер. Біз сендерге сенеміз, - деген ата-аналар жүрекжарды тілектерін білдіріп, команда жетекшісі Аслан Берікұлына да арнайы сыйлықтарын табыстады.

Айта кетейік, Шыңғырлау балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бірнеше спорт түрі бойынша жасөспірімдерді даярлап, аудан спортының дамуына үлес қосып келеді. Бүгінде шәкірттері түрлі деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, жақсы нәтижелер көрсетуде. Баскетбол командасының республикалық чемпионаттағы бұл жетістігі- соның бір айғағы.

image-10-11-26-11-58

Жас өрендердің жеңісі- бір ғана команданың жетістігі емес, аудан спортының мерейі. Осындай талантты жастарды тәрбиелеп, олардың талабына қанат бітіріп жүрген жаттықтырушылар мен қолдаушы ата-аналардың еңбегі де әрдайым құрметке лайық.

      Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале