Қан тамырларына заманауи әдістермен ота жасау, бейінді мамандардың консультациялары және өңір дәрігерлерін оқыту – бүгін Орал қаласында басталған ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндері аясында жоспарланған негізгі іс-шаралар. Екі күн бойы Медициналық орталық ауруханасы мен Ұлттық госпиталь мамандары Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасады.

Орал қаласындағы медициналық ұйымдарда қан тамырлары хирургиясы, нейрохирургия және гинекология бағыттары бойынша оталар жасау жоспарланған. Оларды Медициналық орталық мамандары жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жүргізеді.
Негізгі бағыттардың бірі – нейрохирургияда эндоваскулярлық технологияларды қолдану. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі Талғат Ермеков ішкі ұйқы артериясына стент орнатады. Бұл әдіс ашық хирургиялық араласусыз арнайы стенттің көмегімен тарылған қан тамырындағы қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қан тамырлары хирургі Абылай Сейтқалиев қан ағымын қалпына келтіру үшін ірі қан тамырларына реконструктивтік оталар жасайды. Сонымен қатар заманауи аз инвазивті әдістерді қолдана отырып, гинекологиялық оталар жасау жоспарланған.
Өңір тұрғындары түрлі бейіндегі дәрігерлерден консультация ала алады. Ұлттық госпиталь дәрігерлері ревматология, эндокринология және нефрология бағыттары бойынша пациенттерді қабылдайды. Ал Медициналық орталық ауруханасының мамандары эпилепсия, нейрохирургиялық, гинекологиялық және қан тамырлары аурулары бойынша консультация береді. Облыстық кардиологиялық орталықта аритмолог және кардиохирург мамандары пациенттерді қабылдайды.

Медициналық орталық сарапшылары практикалық жұмыспен қатар, өңір мамандарына оқыту іс-шараларын ұйымдастырады. Дәрігерлер эпилепсияны, оның ішінде инсульттен кейінгі эпилепсияны диагностикалау және өкпенің интерстициалды ауруларына қатысты заманауи тәсілдер бойынша презентациялар өткізеді.
Оқыту іс-шараларының жеке бір бөлігі денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруға арналған. Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы «Денсаулық сақтау саласының топ-менеджерлер мектебі» атты онлайн шеберлік сабағын өткізеді. Онда вакцинамен профилактикалау және медициналық ұйымдардың жұмысында маркетинг құралдарын қолдану жайы қарастырылады.
Өз кезегінде Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы медициналық зертханалардың біліктілігін тексеру, биологиялық қауіпсіздік пен биологиялық қорғау негіздері бойынша екі онлайн-презентация ұйымдастырады.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өңір тұрғындарына білікті медициналық көмек көрсетуге, ал жергілікті дәрігерлерге жаңа тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру