Адам өмірінің мәні артында қалдырған өнегелі ізімен, еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді. Ал ел алғысына бөленіп, ғұмырын адал қызметке арнаған азаматтардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Осындай ардақты тұлғалардың бірі полиция ардагері Қадырбек Балғынов.

Казталов аудандық ардагерлер үйінде Қадырбек Балғыновтың 80 жасқа толуына орай «Сексеннің сеңгірі – сырлы ғұмыр» атты кездесу шарасы өтті.

Тағылымы мол басқосу мерейтой иесінің өмір жолын дәріптеп, ел алдындағы елеулі еңбегіне құрмет көрсетуге арналды. Кездесу барысында Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Галимов, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жүсіп Шакуов ардагердің өнегелі ғұмырына, оның азаматтық болмысы мен қызмет жолындағы жауапкершілігіне тоқталып, алғысхат табыстады.

Полиция қызметі ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің күзетінде тұратын, үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет. Қадырбек Балғынов та осы саланың ауыртпалығын абыроймен арқалап, саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған азамат ретінде құрметке ие.

Кеш барысында басқа да қонақтар, әріптестері ардагердің өмір жолы мен еңбек еңбек жолынан естеліктер айтты.

Өнегелі өмір ұрпаққа аманат, адал еңбек ел жадында сақталатын асыл мұра. Сексеннің сеңгіріне шыққан Қадырбек Балғыновтың ғибратты ғұмыры көпке үлгі болып, абыройы асқақтай берсін!
Мәриям Рахим,
Казталов ауданы