БҚО-да 7 580 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: polisia.kz
Батыс Қазақстан облысында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында жыл басынан бері 7 580 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Оның ішінде:
- 1 088 дерек – жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындардан тыс сауда жасау;
- 424 дерек – ортақ пайдаланылатын орындарды ластау;
- 6 068 дерек – елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарына зиян келтіру, жасыл желектерді жою және бүлдіру.
Санитариялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2025 жылы облыс орталығындағы 50 контейнерлік алаңға бейнебақылау камералары орнатылды. Камералар БҚО полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылып, "Target EYE" бірыңғай жүйесіне біріктірілген. Бейнеаналитика мүмкіндіктері қоқыс контейнерлерінің толу деңгейін бақылауға және қалдықтардың белгіленбеген орындарға тасталуын анықтауға мүмкіндік береді.
Аталған жүйенің көмегімен жыл басынан бері 40 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру, санитариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Полиция тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға шақырады.